Америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон Eurasian Resources Group (ERG) компаниясын 5 миллиард долларға сатып алғысы келеді. Кэмерон ұсыныс жөнінде компанияның директорлар кеңесіне хат жолдаған. ERG-нің 40%-ы Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Бұл туралыStan.kz ақпарат агенттігіReuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Джеймс Кэмерон бұрынғы Petropavlovsk алтын өндіруші компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы болған. Бұл компания Ресейдегі алтын өндірісі бойынша алғашқы бестікке кіріп, Амур облысында алтын кен орындарын өндірістік тұрғыда игерген. Алайда қазір Petropavlovsk таратылу сатысында.
Мәліметтерге сенсек, Кэмерон мен ERG арасындағы келіссөздер 2024 жылдың соңынан бері жалғасып келеді. Қазақстан үкіметі, ERG және Кэмерон бұл жөнінде түсініктеме беруден бас тартқан. Басылымның қолында Кэмеронның хаты бар. Онда Goldman Sachs инвестициялық банкі келісім бойынша кеңес беру үшін алдын ала келіссөздер жүргізіп жатқаны айтылған. Кэмерон келісім қаржысын жеке қаражатынан және АҚШ, Аустралия мен Таяу Шығыс елдерінен тартылатын инвесторлардың есебінен жабатынын мәлімдеген.
Тағы бір дереккөздің айтуынша, Кэмеронның ERG-ге қызығушылығы Қазақстанның сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру саласындағы әлеуетімен байланысты.
Reuters мәліметіне сәйкес, Қазақстан 2028 жылға қарай сирек және сирекжер металдарын өндіру көлемін 40%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда ERG негізгі ойыншылардың бірі ретінде қарастырылады. Бұған дейін ERG әлемдік галлий өндірісінің шамамен 20%-ын қамтамасыз еткен. Бұл металл микросхемаларда қолданылады және АҚШ-тың стратегиялық маңызды материалдар тізіміне енгізілген. Алайда 2012 жылы Қытайдан галлий экспорт көлемінің өсуіне байланысты ERG бұл өндірісті тоқтатты. 2024 жылдың желтоқсанында Қытай АҚШ-қа галлий экспорттауға тыйым салды. Бұл шешім АҚШ-тың қытайлық чип өнеркәсібіне қарсы енгізген шектеулеріне жауап ретінде қабылданды.
Биыл 22 наурызда ERG компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич өмірден өтті. Оның үлесі Патох Шодиев пен Алиджан Ибрагимовтың мұрагерлерімен қатар, әрқайсысында шамамен 20%-дан болған. Ал қалған 40% акция Қазақстандағы қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі.
Eurasian Resources Group 2014 жылы құрылып, Люксембургте тіркелген. Компания табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы ірі кәсіпорындарды біріктіреді. Қазақстандағы активтері ферроқорытпа, темір кені, алюминий, көмір және энергетика салаларын қамтиды. Бұдан бөлек, ERG Африкадағы мыс пен кобальт жобаларын бақылауда ұстап отыр және Бразилияда темір кенін өндіру жобасын іске асырып жатыр.
Қазақстан аумағында ERG компаниясына келесі кәсіпорындар тиесілі:
"Қазхром"
"Қазақстан алюминийі"
Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі (ССГПО)
Қазақстан электролиз зауыты
"Еуразиялық энергетикалық корпорациясы"
"Шұбаркөл көмір"
"ТрансКом" көлік тобы.
283 миллион теңгеге арзандаған: Мәсімовтың тәркіленген элиталық қонақүйі тағы да аукционға қойылды
Қаңтардан кейінгі отставка, зауыттағы жұмысшылар қазасы мен рейдерлік шабуылдар: Нығматулиндер отбасы туралы не белгілі
Еске салайық, бұған дейін Eurasian Resources компаниясының негізгі акционерлері Машкевич пен Шодиевдиректорлар кеңесінен кеткенін жазған едік. Машкевичтің орнына директорлар кеңесінің басшылығына ERG бұрынғы қожайыны, көз жұмған кәсіпкер Әлиджан Ибрагимовтың ұлдарының бірі Шухрат Ибрагимов келді. Патох Шодиевтің орнына оның ұлы Сабыр Шодиев келеді. Александр Машкевичтің орнына Эдуард Сурлевич келеді.