Кіндік қаны қасиетті Торғай топырағында тамған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өмір жолында Орынбор, Қостанай, Омбы, Қарқаралы, Уфа, Семей, Ташкент, Қызылорда, Баку, Архангельск, Алматы қалаларында болғаны мәлім. Көрнекті қайраткер өмірбаянын зерттеуші ғалымдар бұл деректі нақтылаған. Осы ретте Алаш арысының 1902–1904 жылдары Омбы қаласында қызмет істегенін, Ақмола облысы Халық училищелерінің инспекторы А.Е.Алекторовтың іс жүргізушісі болғанын Омбы облысы Тарихи архивіндегі құжаттардан көргенімізді оқырман есіне сала кеткіміз келеді. А.Байтұрсынұлының қолы қойылған бірнеше тарихи құжатты 1998–2000 жылдарда Омбы архивінен анықтадық (8-қор, 1-тізім, 1-іс). Кейінгі кезде көрнекті қайраткердің Омбы кезеңіне қатысты ақпарат толығып, өмірбаянының ақтаңдақ беттері біршама қалпына келтірілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында 2025 жылдың 9–13 қыркүйек күндері Татарстан астанасы Қазан қаласының кітапхана, музей қорларында ізденіс жұмысын жүргіздік. Қазақтың арғы-бергі тарихында Қазан қаласының қазақ баласына тигізген шапағаты мен игілігі мол екенін зиялы қауым жақсы біледі. Тегінде, патшалық Ресей тарапынан отаршылдық езгіні қазақтан бұрын көрген татар ағайынның орыстың игілік әкелер оқуы мен мәдениетін де бойына бізден ерте сіңіргені рас. Оның ішінде отырықшы мәдениет жемісі саналатын университет пен кітапхана, театр мен баспа ісі сынды адам баласы ойлап тапқан құндылықтарды алдымен айтуға болады.
Ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы ХХ ғасырдың басында: «Ана қырда татар тұр, Басқалармен қатар тұр» деп тарихи шындықты көркем тілмен жеткізетіні қазақ баласына көп жайды аңғартты.
Қазан қаласының қорларынан қазақ қаламгерлеріне қатысы бар соны дерек, тың ақпарат іздедік. Осындай мақсатпен 2025 жылғы қыркүйектің тоғызыншы жұлдызында «Татар кітабы тарихының музейі» атты мәдени ошаққа баруды ұйғардық. Әлбетте, Қазан шаһарының орталық көшелерінде аяқ аттасаңыз, тарихи ескерткіш, ескі үйлерге ілінген мемориалдық тақта, немесе музей өте көп. Мәдениетті жұрт өткенін қастерлеп, құрметтеп, барлығын хаттап, кейінгі ұрпаққа аманаттап, соның бәрінен ақша көзін жасап, сақтап отыр екен деп қызығасыз. Картада «Татар кітабы тарихының музейі» деп көрсетілсе де, бұл мекеме ресми «Татар әдебиеті тарихының музейі Шариф Камал мемориалдық пәтерімен» деп аталады. Музей Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігіне қарайтын Татарстан Республикасы Ұлттық музейінің филиалы саналады.
Татар әдебиетінің классигі Шариф Камал тұрған музейге ерте барып алдық. Ашылуына әлі жарты сағаттай бар екен. Бірде мұсылманша орамал таққан татар әйелі есіктің сыртында тұрған бізге туған тілінде амандасып, ғимарат ішіне кіруге шақырды. Музейге, осылайша, жиырма минөт ерте кірдік. Бұл кезде шағын музей қызметкерлері ішінде жиналып қалыпты. Мекеме директоры Айдар Рәсімұлымен танысып, келген мақсатымызды түсіндіріп, қорларыңызда қазақ қаламгерлеріне, қазақ кітабына қатысты құнды дүние табылар ма екен деп сапарымыздың мән-жайын жеткіздік.
Бізді сырттан күтіп алған филология ғылымдарының кандидаты, музейдің ғылыми қызметкері Гүлназ Жиһангирова аса мәдениетті, сыпайы, кішіпейіл жан екен. Гүлназ бізге музейдің ішін аралатып, жеке экскурсия жүргізді. Сол экскурсия кезінде екінші қабатта шынының астында тұрған ескі суретке назарымыз ауды. «Араб жазуын реформалау конкурсына қатысушылар. Қазан, 1927» деген түсініктеме жазылған суреттің ортасында Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі көзімізге оттай басылды. Сурет ап-анық, бейнеленген адамдарын оп-оңай ажыратуға болады. Бұл суретті бұрын кездестірмеген секілдіміз. Көзімізге сенбейміз. Гүлназ ханымнан суретті телефонға түсіріп алуға рұқсат сұрадық. Ол «алдымен ресми хатыңыз болса, жақсы еді» деді. Кейін ишарамен келісімін берді. Ұлт ұстазының бейнесін көргеннен кейін, музейдің қалған экспонаты қызықсыз қалды. Ойымыздың барлығы жаңағы құнды жәдігерге, бейтаныс суретке ауды. Музей қызметкерінен суретте бейнеленген басқа адамдардың кім екенін сұрап едік, ол кісі нақты жауап бере алмады. Жалғыз Идрисов дегенді ғана айтты. Жалпы бұл жерде қате кеткен болар? Ахмет Байтұрсынұлы Қазан қаласына келді деген ақпаратты бұрын естімедік... «Келгені сөзсіз, мұны осы сурет растайды» деп ой түйдік. Бір есептен, мұрағат материалына мұқият татар ағайын суреттің қайда және қашан түсірілгені жайында олқылық жібере қоймас деп те ойладық.
Ресей жерінде қыркүйек айынан бастап телефон байланысы күрделеніп, керек адаммен тез тілдесе қою қиындап кеткен. Үйреншікті уатсап, телеграм желілері тілдесуден ажырап қалыпты. Дереу жаңалығымызды жас алаштанушы, докторант шәкіртіміз Данияр Ихсанға хабарлап, Ақаңның 1927 жылы Қазанға келгені туралы мәліметті көптомдығы мен монографиялардан нақтылап беруін сұрадық. Елдегі салыстыру дерегі келгенше музей маманы бізге интернеттен материал ұсынды. Алайда бұлардың ішінде де А.Байтұрсынұлының Татарстанға сапары туралы анық жазылған мәлімет ұшыраспады.
Іссапардың екінші күні Қазақстан Жазушылар одағына хабарласып, төраға Мереке Құлкенов атынан Татарстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Алиса Вяткинаға ресми хат жіберуді өтіндік. Елден шығарда төраға атынан мұндай ресми хаттың бірнешеуін Қазандағы архив, кітапханаларға алған да едік. Алайда «Татар әдебиеті тарихы музейіне» деп жеке ескермедік. Жазушылар одағының хатшы-референті Айжан Үкібаевадан ресми хат кешікпей түсетінін білдік. Сол үшін Мереке Әбдешұлына ризашылығымыз шексіз. Музей қызметкері Гүлназ Жиһангирова сөзімізге сеніп, енді бізге компьютерлік қорда сақталған ескі суреттерді көруге рұқсат етті. Қалтамызда алып жүретін флешка ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнайы шығарылған. Сыртында көрнекті қайраткердің аты-жөні жазылған. Флешканы көргенде, Гүлназ ханы мның тарихи суретті көшіріп бермеуге лажы қалмады. Сөйтіп, құнды суреттің электрондық нұсқасы Ақаңның 150 жылдығына арнайы шығарылған флешкаға 2025 жылдың 10 қыркүйегінде жазып алдық. Сурет қорда былай деп сақталған: «НМРТ КППи-124639-51. Фотография групповая. Идрисов М.И. в 1-м ряду 1-й справа_1».
Татарстан Республикасы Ұлттық музейі қорындағы А.Байтұрсынұлы бейнеленген суреттің астында «М.Идрисов оң жағында бірінші отыр» деп көрсетіліпті. М.Идрисовтен басқасының аты-жөні жазылмаса, бұл адам татар жұрты үшін белгілі тұлға болған шығар деп ойладық. Гүлназ ханым бізге М.Идрисовтің еңбегін қысқаша баяндап берді. Хаматханов Сагит Загитовичтің «Ибрагимовтардың шежіресі және Насхи Мухаммад Идриси» атты татар және орыс тілдерінде жарық көрген альбом форматындағы қалың кітапты алып келді. Еңбек Орынбор қаласында жарық көріпті. Бірақ шыққан жылы, баспасы көрсетілмеген. Бұл кітаптан біз Мұхаммед Идрисов 1882 жылы 19 наурызда Қазан қаласында туғанын, полиграфист, каллиграф, график-суретші, унификацияланған араб алфавитін жасаушы, түрік және шығыс тілдерінің білгірі екенін білдік. Бізді қызықтырған тарихи сурет Идрисов әулетінің шежіресіне арналған кітапқа да кірген екен. Суретке «М.Идрисов Қазан қаласында (орындықта сол жағында отыр)» деп анықтама берілген. Бірақ аталған кітапта да А.Байтұрсынұлының аты жазылмаған.
Келер күні «Татар кітабының тарихы музейінде» Нурия Мифтахутдинова есімді ғалыммен таныстық. Нурия – филология ғылымдарының кандидаты, Қазандағы Қаюм Насыри музейінің қызметкері. Біз құрмет тұтатын татар ғалымы, профессор Хатип Миннегуловтың шәкірті екен. Қаюм Насыри музейі жөндеуден өтіп жатқандықтан, Нурия «Татар кітабы тарихының музейіне» уақытша қызмет істеуге келіпті. Біздің кеше Ахмет Байтұрсынұлы бейнесі сақталған суреттің сырын сұрағанымызды естіпті. Бұл сурет жайында мақаласы жарық көргенін айтты. Ол мақала 2022 жылы Уфа қаласында «Мухаммед Идрисов – мастер шрифта» атты кітапта басылған екен. Кітап 200 данамен жарық көріпті. Оның бір данасын Нурия сол жерде бізге көрсетті. Кітаптың 58-бетіне бізді қызықтырған тарихи сурет енген. Оған мынадай түсініктеме берілген: «Араб әліппесін реформалау бойынша конкурс қатысушылары мен жюриі. Қазан. 1927 жыл.