Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан (70 келі) чемпион атанды.
Отандасымыз финалда Севон Окадзава (Жапония) кездесті. Нәтижесінде қарсыласынан басым түсіп, небәрі 19 жасында әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Махмұд Сабырхан (55 келі), Санжар Ташкенбай (50 келі) және Алуа Балқыбекова (51 келі), Аида Әбікеева (65 келі) әлем чемпионы атанса, Назым Қызайбай (48 келі) күміс жүлдегер болды.
Енді кешкі сессияда Айбек Оралбай (90 келі), Наталья Богданова (70 келі) алтынға таласады.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатыр. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілді.
Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде бақ сынады. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай финалдық, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтті.