Мәзір
7 ақпан, 2025 / JariaLike / Экономика

Сауда соғысының жаңа кезеңі: Дүниежүзілік ұйым не шеше алады?

Қытай қарсы әрекетке көшті дейді.

Сауда соғысының жаңа кезеңі: Дүниежүзілік ұйым не шеше алады? Сауда соғысының жаңа кезеңі: Дүниежүзілік ұйым не шеше алады?
Фотосурет kaz.inform.kz сайтынан

Жыл басында АҚШ президенті атанған Дональд Трамп «америкалықтардың игілігі үшін» деген желеумен бірқатар өзгерістерге бастамашы болып отыр. Кейбір шешімдері әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндіріп жатқаны жасырын емес. Соның бірі – 4 ақпаннан бастап АҚШ-тың Канада, Мексика және Қытайдан келетін тауарларға баж салығын енгізуі. Бұл тарифтер жаһандық саудаға қалай әсер етеді, біржақты шешімнің ауқымы арта беруі мүмкін бе? Kazinform тілшісі тақырып төңірегінде талдау жасап көрді.
Қытай қарсы әрекетке көшті
Сонымен, жаңа жылдың екінші айы бастала сала АҚШ билігі көршілеріне де, алыстағы алпауыттарға да шүйліге бастады. Канада мен Мексикадан келетін тауарларға 25 пайыз, қытайлық өнімдерге 10 пайыз баж салығын салмақ болған.
Бұдан кейін аталған үш мемлекеттің үкіметі жауапсыз қалған жоқ. Қарсы тарифтер енгізіп, АҚШ-тың сауда саясатына қарсы тұратындарын жеткізген. Дегенмен көп ұзамай-ақ АҚШ президенті Мексика мен Канададан келетін тауарларға жаңа баж салығын енгізуді 30 күнге шегергені мәлім болды. Есесіне Мексика билігі АҚШ талап еткендей есірткі трафигімен күресу үшін солтүстіктегі шекарасына 10 мың сарбаз жіберіп, күзетті күшейтеді. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо да шекарадағы қауіпсіздікті күшейтуге уәде берген. Алдағы уақытта бұл елдер баж салығы тақырыбын қайтадан талқылайтыны даусыз.
Әйтсе де қос көршісіне жеңілдік жасай бастаған Америка қытайлық тауарларға енгізген 10 пайыздық жаңа баж салығын алып тастауға асықпайтын секілді. Бұл тұста Бейжің дереу жауап қайтарды, АҚШ-тан импортталатын көмір мен сұйытылған газға 15 пайыз, мұнай мен басқа да америкалық тауарларға, соның ішінде автомобильдерге, ауыл шаруашылығы техникаларына 10 пайыздық баж салығын енгізді.
Жаңа тарифтерді енгізудің бір сыры қыруар ақшада жатыр, себебі АҚШ аталған үш елден көп тауар импорттап, өздері біршама аз экспорт жасаған. Мысалы, 2024 жылы АҚШ пен Қытайдың тауар айналымы 688,28 млрд долларды құраған, бірақ импорт пен экспортта теңсіздік бар. Жалпы тауар айналымының 524,66 млрд доллары Қытай экспортының еншісінде, ал АҚШ экспортының үлесі 3 еседен астам аз – 163,62 млрд доллар.
2023 жылы Канада Америкаға 439 млрд доллардың тауарын жөнелтсе, АҚШ 277 млрд доллармен шектелген. Тағы бір көрші Мексика 472 млрд доллар экспорт жасап жатқанда, АҚШ-тың жөнелткен тауарлар үлесі тағы аз болған – 255 млрд доллар.
Қытай билігі АҚШ-тың жаңа сауда саясатын Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) аренасында талқылағысы келеді. Бейжіңнің ұстамынша, АҚШ біржақты шешім қабылдау арқылы жаһандық саудаға кедергі келтіруде. Kpler SAS компаниясының Жаһандық шикізат нарықтары жөніндегі жетекші кеңесшісі Ора Лазичтың айтуынша, ең алдымен АҚШ Дүниежүзілік сауда ұйымының негізін қалаушылардың бірі екенін ескеру қажет.
– Жалпы, АҚШ – әлемдегі сауда келісімдерінің теңгерімін ұстап тұрушы. Сондықтан АҚШ-тың баж салығы мәселесіне ДСҰ араласып, өзін «жасаған» елді реттейді деу өте күрделі. Әрине, заң тұрғысынан ұйым ұсыныс айта алады, алайда қысым жасай алмайды. Тек АҚШ-тың келісімдердегі міндеттерді орындамай жатқанын баршаға көрсетеді. Егер АҚШ ұйымнан шығуды қаласа, онда қаржыландыру мәселесі туындайды. Өйткені Америка көптеген халықаралық ұйымдарды қаржыландырушы ел. Дональд Трампқа дәл осы ұйымдарды қаржыландырып отыру ұнамайды, – дейді сарапшы.
Тарифтер АҚШ-тың өзіне де пайда әкелмейді
Қанша жерден қуатты державалар болса да, Америка да, Қытай да жеке ел ретінде оқшауланып өмір сүре алмайтыны анық. Сауда серіктестері мен теңгерім ұстап отырушылар қажет. Жалпы, жаңа тарифтерге байланысты сауал көп: қаншалықты резонанс тудырады, дистрибьюторларға, ритейлерлерге, сатып алушы мен сатушы тараптарға әсер ете ме?

– Қазір дүниежүзіндегі беделді аналитикалық орталықтар жаңа режимнің уақытша болатынын болжап отыр. Мейлі, тарифтерді алып тастамауы мүмкін, бірақ бастапқыда айтылғандай ауқымды болмайды.
АҚШ-тың көршілерімен мұндай қарым-қатынас орнатуы жағымсыз жағдай, Канада мен Мексика оның ең ірі сауда серіктестері саналады. Америка мұнай мен энергетикалық ресурстардың төрттен бірін Канададан алады, өйткені елінің жартысы солтүстік бөлікте. Тұтынып отырған тауарлары, ауыл шаруашылығы өнімдері Мексикадан келеді. Сондықтан тарифтер көрші елдерге ғана емес, АҚШ-тың өзіне де кері әсер етеді. Тауарлардың бағасы өсіп, қымбатшылық туады, – дейді Ора Лазич.
Сарапшының сөзінше, инфляция қарқыны АҚШ-та да жоғары, ал Трамп оны тоқтатуға уәде еткен. Оның үстіне елдегі жұмыссыздық деңгейі 9 пайыздан асуда. Бұл кедейліктің өскенін білдіреді. Әйтпесе Америкада жұмыссыздық деңгейі 4-5 пайыздан аспайтын. АҚШ-та президенттің жұмысын алғашқы 90-100 күн арқылы бағалайды. Егер осы аралықта наразылық туса, президент көп бастамаларынан бас тартуға мәжбүр болуы мүмкін. Сондықтан Дональд Трамптың тарифтерге қатысты шешімі бәрінен бұрын көршілерімен қарым-қатынасын бұзып жатыр.
Айтпақшы, АҚШ президенті апта басында ВВС арнасына тарифтерге байланысты қысқаша пікір айтып, жаңа баж салықтары Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияға да енгізілетінін жеткізген. Кәрі құрлық елдері Трамп мәлімдемесін жайсыз жағдай ретінде қабылдап отыр. Себебі бұған дейін қарым-қатынасы жақсы елдердің арасына жік түсуі мүмкін. Ора Лазичтың айтуынша, егер АҚШ расымен Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияға тарифтер енгізетін болса, жаһанда көптеген өзгерістер болуы ғажап емес.
– Сауда тұрғысынан алғанда АҚШ қазір Қытаймен қатар, Еуропалық Одаққа, Ұлыбританияға да тарифтерді өсірмек ниетте. Бірақ аталған ірі аймақтар АҚШ-қа қатты тәуелді емес. Сол себепті тарифтерді көтеру әрекетін олар да қайталайды. Тіпті, сауда мәселесінде АҚШ-тан бейтарап болудың жолдарын қарастыруы мүмкін. Әлемде энергия көп, Еуропалық Одақ қаласа Ираннан, Ливиядан, Венесуэладан санкцияларды алып тастап, жаңа келісімдерге баруды ойластырады. Бұның бәрі АҚШ-қа қиындық тудыратыны сөзсіз, – деді сарапшы.
Ал Қытай қалаған еліне тауар сата алады. Бұл ел жоспарлы жолмен реттелуге бейім, кей фабрикаларды жаба салады және оның зиянын да сезбейді. Шындығында Қытай қазір де барлық зауыттарын толық қуатында жұмыс істетіп жатқан жоқ. АҚШ президентінің 4 жылдық мерзімінің біткенін күту немесе жарты жыл бақылай тұру, жағдай реттелгенін тосу Қытайға қиын емес. Қытай - қазір әлемдегі ең үлкен экономикалардың бірі, 2025 жылдан бастап барлық көрсеткіштер бойынша АҚШ-тан асып түсті деп айтуға болады. Технологиялары озық, тұтыну өнімдері, автокөліктері, жанармайы, сатып алу қабілеті – бәрі алда келеді. Азиядағы өсім процесі қазір батыс елдеріне қарағанда белсенді жүріп жатыр.
– Канада мен Мексикаға АҚШ-тан оқшаулану қиын, өйткені олар көрші, сондықтан қиын болады. Қайтадан келісімдер жасап, басқа нарықтарды іздейді немесе тарифтерге көндігеді. Бірақ бизнесмендерге, желілерге ауыртпалық түседі. Әдетте ресми жолдар қиындаған кезде көлеңкелі нарықтың үлесі өседі. Менің ойымша, сөзсіз алыпсатарлар пайда болады. Бұл халыққа да, елдер арасындағы байланысқа да жақсылық әкелмейді. Өкінішке қарай, біз осындай уақытта жай ғана бақылап отыруға мәжбүрміз, – деп түйіндеді Ора Лазич.
АҚШ-тың жаңа баж салықтары Қазақстанға тікелей әсер ете қоюы екіталай, алайда жанама жолмен кейбір тауардың бағаларынан, қолжетімсіздігінен көрінуі мүмкін екен.
Баж салығының популистік сипаты бар ма?
Xander Group компаниясының бас директоры Ескендір Ақылбаевтың ойынша, АҚШ-тың Канада, Мексика және Қытайдан әкелінетін тауарларға жаңа кедендік баж салығын енгізуі жаһандық сауданың шиеленістерін күшейтіп, халықаралық жеткізу тізбегін өзгертеді.
– Саяси тұрғыдан бұл қадам Вашингтонның жақын серіктестерімен қарым-қатынасын нашарлатады. Енді АҚШ-тың ең жақын серіктестері – Канада мен Мексика бұл әрекетке асимметриялық жауап қайтаруы мүмкін, мысалы, «USMCA Agreement» келісімінің шарттарын қайта қарап, америкалық тауарларға бағытталған арнайы баж салығын енгізеді.
Ал Қытай кешенді шараларды қолға алуы ықтимал: баж салығын енгізуден бастап, АҚШ-тың технологиялық секторы мен қорғаныс өнеркәсібі үшін аса маңызды сирек кездесетін жер металдарының экспортына шектеу қоюға дейін. Сонымен қатар Қытай баламалы нарықтарды дамытуды жалғастырып, БРИКС, Африка одағы секілді ұйымдармен байланысын нығайтады, – дейді сарапшы.

Экономикалық тұрғыдан алғанда баж салығы америкалық тұтынушылар мен бизнес үшін бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Импортқа тәуелді компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Дегенмен бұл жағдай Қазақстан секілді дамушы елдер үшін жаңа сауда мүмкіндіктерін ашуы кәміл. Әсіресе, Қытай, Үндістан және АСЕАН елдері жеткізілімдерін әртараптандыруды жеделдетіп, инвестицияларын Орталық Азия сияқты баламалы нарықтарға қайта бағыттаса, бұл аймақ үшін үлкен экономикалық артықшылықтар әкелуі мүмкін.
Ақылбаевтың айтуынша, баж салығы белгілі бір деңгейде популистік сипатқа ие, себебі ол негізінен АҚШ-тың ішкі аудиториясына бағытталған. Өнеркәсіптік сектор мен жұмысшы тапты қолдау – Трамптың электоралдық стратегиясын күшейту үшін маңызды.
– Алайда оның ұзақ мерзімді тиімділігі екіұшты – 2017-2020 жылдардағы сауда қақтығыстары өндірісті жаппай АҚШ-қа оралтпады, керісінше, кейбір экспорттық салаларда жұмыс орындарының қысқаруына себеп болды. Екінші жағынан, Вашингтон Қытайды экономикалық тұрғыда тежеу саясатын жалғастыруда, кедендік тарифтерді Қытайдың жоғары технологиялық секторына қысым көрсету құралы ретінде пайдаланып келеді. Бұған Huawei компаниясына салынған санкциялар мен қытайлық DeepSeek компаниясының жаңа жасанды интеллект алгоритміне қатысты алаңдаушылығы мысал бола алады, – деді сарапшы.
Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда, біржақты енгізілген баж салығы ДСҰ қағидаттарын, әсіресе «Алаламау қағидаты» мен «Ең қолайлы режим» принциптерін бұзады. Баж салығы ішкі нарықты уақытша қорғауы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада ол АҚШ компанияларының бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді
– Теориялық тұрғыдан ДСҰ АҚШ-тың жаңа баж салығын заңсыз деп тануы мүмкін, Трамп билікте отырған 2018 жылы дәл солай болған. Алайда іс жүзінде дауларды шешу механизмі жұмыс істемейді, себебі АҚШ бұл реформаны бұғаттап тастады, ал көптеген елдер аймақтық сауда келісімдері арқылы балама жолдарды іздеуде. Біз көпполярлы сауда жүйесіне көшу процесін бақылап отырмыз, онда басты рөлді аймақтық блоктар (БРИКС, АСЕАН, ШЫҰ және т.б.) атқара бастады. АҚШ ДСҰ ережелерінен тыс әрекет еткен сайын, Қытай, Үндістан және ЕО-ның ықпалы артып, балама сауда механизмдері қалыптасып келеді, – деп түйіндеді Ескендір Ақылбаев.
Қорыта айтқанда, Трамп алдыңғы кезеңдегі (2016-2020) сауда соғысының отын қайта тұтатпақ ниетте секілді. Егер жаңа тарифтерді енгізу жалғаса берсе, оның зиянын әлем елдерімен қатар америкалықтар да тартатыны даусыз. Яғни, 2025 жылы жаһандық еркін сауда жүйесінен экономикалық прагматизм дәуіріне өтудің куәсі боламыз.

 

Көп оқылды: