Мәзір
Бүгін, 16:38 / JariaLike / Күн-Жария

Театр — архив емес: «Абай–Тоғжан» спектакліндегі көркемдік шындық

Музыкалық жас көрермен театры сахналаған «Абай–Тоғжан» спектакліндегі Құнанбай, Ұлжан және Тоғжан төңірегіндегі диалогтар көрермен арасында қызығушылық тудырып келеді. Әсіресе, «Сүйіндікпен әкең туыс қой» деген жолдың тарихи негізі туралы сұрақтар жиі қойылады. Бұл мақалада театрдағы көркемдік шындық ұғымы мен драматургиялық шешімнің табиғаты сөз болады.

Театр — архив емес: «Абай–Тоғжан» спектакліндегі көркемдік шындық Театр — архив емес: «Абай–Тоғжан» спектакліндегі көркемдік шындық

Театр — архив те, тарихи құжат та емес. Театрдың міндеті — өмір шындығын сахналық, көркемдік шындық арқылы жеткізу. Сондықтан драматургияда кейбір тарихи оқиғалар мен шежірелік байланыстар өзгертіліп, ықшамдалып немесе символдық мағынада қолданылуы мүмкін.

Музыкалық жас көрермен театры сахналаған «Абай–Тоғжан» спектакліндегі Ұлжанның: «Сүйіндікпен әкең туыс қой» деген сөзі де дәл осы көркемдік шешімнің аясында қарастырылуы керек. Тарихи деректерде Құнанбай мен Сүйіндік арасындағы нақты туыстық арнайы көрсетілмейді. Алайда спектакль авторы бұл тұста қазақ ішіндегі «түбі бір», «арғы атасы жақын» деген халықтық танымды драмалық құрал ретінде қолданған.

Мұндағы басты мақсат — шежірелік дәлдік емес, Ұлжан бейнесінің аналық табиғатын, бітімге шақыратын мінезін ашу. Ал Құнанбайдың Жігітек пен Ырғызбай арасындағы қайшылықты алға тартуы — тарихи шындыққа негізделген тартыс. Осы екі ұстанымның қақтығысы сахналық драматизмді күшейтеді.

Қазақ әдебиетінде мұндай көркемдік тәсіл бұрыннан бар. Мысалы, Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Қодар оқиғасын Абай тағдырымен байланыстыра суреттейді. Тарихи деректерде бұл оқиғаның Абай өміріне дәл роман­дағыдай қатысы нақты көрсетілмесе де, жазушы оны көркемдік шындық ретінде пайдаланды. Себебі Қодар өлімі арқылы Әуезов Абайдың әділет іздеген жас болмысын, ескі қоғам қаталдығымен алғашқы бетпе-бет келуін терең ашуға ұмтылды.

Сол сияқты «Абай–Тоғжан» спектакліндегі кейбір диалогтар да тарихи құжаттан гөрі көркемдік логикаға бағынады. Өйткені театрдың мақсаты — шежіре тарқату емес, көрермен жүрегіне әсер ететін сахналық ақиқатты жасау.

 

Көп оқылды: