Суреткердің жүрегі – қашан да ашық жара сияқты: елдің мұңы да, заманның зары да, адам баласының арманы да соған түйіледі. Суреткер үшін ең ауыр жүк – өзімен күресу. Себебі өнер иесінің ең үлкен жауы – сырттағы сын емес, ішкі тоқмейілсу, өзіне көңілі толу. Шын суреткер – көрінетінді емес, көрінбейтінді жеткізетін адам.
Ол – адамдар айтпаған сөзді айта алатын, айтқысы келмеген сезімді суретке айналдыра алатын жан. Бүгінде бәрі өз орнын шатастырып алды.
Сырт – іштің орнын басты.
Даңқ – шындықтың орнын басты.
Техникалық мүмкіндік – рухани тереңдікті ығыстырды.Қазір біз формаға тойдық, бірақ мазмұнға ашпыз. Мән мен мағына көзге көрінбейді. Ол – ішкі салмақпен, көркем тұспалмен, терең оймен келеді. Бірақ бүгінгі қоғамда – шындық емес, эффект сұранысқа ие. Бізді таңғалдыру оңай, бірақ толғандыру қиын. Өйткені толғандыру үшін – өзі де толғанған адам керек.Шын өнер – тек шеберліктен емес, шыншылдықтан туады. Сол үшін де суреткер «қазір не сұраныста?» деген сұрақпен емес, «мен неге сенем, неге күмәнданам, неге күйінем?» деген сұрақпен өмір сүруі керек.Таңғалдыру – техникаға да тән, ал толғандыру – тек адамға тән. Өйткені суреткер – уақытқа жауап беруші ғана емес, уақыттан биік тұрған сана. Ол – кешеден алғанын бүгін айтып, бүгіннен тапқанын ертеңге жеткізуші көпір.Нағыз өнер – сыртқы жарқыл емес, ішкі тереңдік. Себебі уақыт өте – эффект ұмытылады, ал толғандырған ой ғана жүректе қалады. Суреткердің шынайы мақсаты да – сол жүрекке жету.Ал қаптамасы ғана жылтыр, мазмұны жұтаң өнер – ол тек көз қуантып, жанды алдарқатады. Бірақ елді оятпайды, жүректі тербетпейді. Ал жүрексіз өнер – жансыз сурет секілді. Әдемі көрінгенмен, іші бос.Қазір кейбір өнер түрі – қапталда қалған қабық сияқты. Формасы бар, бірақ ішіндегі мәні – әлдеқашан кетіп қалған. Бізді формадан мағына ажырата алмайтындай күйге жеткізген – өзіміздің талғамымыздың төмендеуі.Біз сапаны сыртқы эффектен іздеуге үйреніп барамыз. Ал шын суреткер – күреседі. Бірақ ол күресті айқаймен емес, өнерімен жүргізеді. Оның сахнасы – шындық. Оның бояуы – жүректен. Оның музыкасы – жаннан Себебі шын өнер – тез тұтынатын тауар емес, жүрекке із қалдыратын шындық.Өнердің ең үлкен жауы – жүрексіздік. Ең үлкен күші – шынайылық.
Нағыз өнер – түрден емес, түптен басталады. Өйткені түр – уақытша, ал түп – мәңгілік. Тек түпке бойлаған суреткер ғана уақыт сынынан өтетін туынды тудыра алады.Ал түр – тек соның киімі ғана. Киім көнереді, тозады, өзгереді. Ал түп мән – сол күйі қалады. Нағыз өнердің ғұмыры да сондықтан ұзақ.Осыны білмеген – көргенді ғана көшіреді. Себебі ол түпке емес, тек түрге үңіледі. Ал түрді көшіру оңай, түпті табу қиын.Себебі болмыс – тоқтамайды. Ол үнемі қозғалыста, үнемі жаңғыруда. Нағыз суреткер сол толассыз ағынның арнасын тыңдай біледі, соның үнін жеткізеді.Кеше дұрыс болғаны – бүгінге жарамауы мүмкін. Себебі уақыт өзгереді, сонымен бірге талғам да, талап та түрленеді. Нағыз суреткер – осы өзгерісті алдын ала сезетін жан.Ал өнер – әр сәтте шындықты қайта ашып отыратын тірі дүние. Өйткені шындықтың өзі де бір орында тұрмайды, үнемі қозғалыста, үнемі жаңаруда.Тек соны танып, соны табуға тырысқан жан ғана – нағыз суреткер атана алады. Өйткені ол дайын жауаппен емес, мәңгі ізденіспен өмір сүреді.