Мәзір
Бүгін, 19:48 / JariaLike / Руханият

«Өнер ме, әлде ойын-сауық па? Әлібек Өмірбекұлы қазақ театры туралы»

Режиссер Әлібек Өмірбекұлы қазіргі қазақ драматургиясының әлсіздігі, театрдағы білім беру жүйесінің кемшілігі, жас мамандардың мүмкіндігі, көрермен тәрбиесі мен өнердегі коммерция мәселелері туралы кеңінен пікір білдірді. Оның айтуынша, түпкі проблема – ұлттық болмысты терең зерттейтін кәсіби әрі жүйелі орта қалыптаспай отырғанында.

«Өнер ме, әлде ойын-сауық па? Әлібек Өмірбекұлы қазақ театры туралы» «Өнер ме, әлде ойын-сауық па? Әлібек Өмірбекұлы қазақ театры туралы»

Қазіргі қазақ театры: ізденіс, дағдарыс және үміт

Режиссер Әлібек Өмірбекұлы театр, драматургия және мәдени кеңістік туралы ашық пікір білдірді. 

1. Қазіргі қазақ драматургиясының тапшылығы

Jarialike.kz:
Неліктен қазіргі қазақ қоғамының мәселесін көтеретін жаңа драматургия театр репертуарында аз көрінеді?

Әлібек Өмірбекұлы:
Жалпы алғанда, театр әлемі де, біздің елдегі өнер де даму жағынан белгілі бір деңгейде артта қалып келеді. Сондықтан нақты ұстаздар, нақты кәсіби бағыттар жетіспейді. Яғни, өнерді белгілі бір зерттеу лабораториясына айналдыратын орталықтар жоқ. Ондай орталықтарда ұлтты, мәдениетті, қазіргі қоғамды, дәстүр мен заманауи құндылықтарды қатар зерттеу керек еді. Бірақ бізде бұл жүйелі зерттеу алаңына айналмай отыр.

Бұл мәселе тек драматургияда емес. Театрда да, бейнелеу өнерінде де, кино индустриясында да, тіпті музыка саласында да осы артта қалушылық байқалады. Мысалы, бүгінгі күннің заманауи операсы жоқ. Қазіргі уақытты бейнелейтін жаңа опера жазып жатқан композиторлар жоқтың қасы. Демек, бұл — тұтас мәдениет саласының мәселесі.

Бірінші мәселе — кәсіби мамандардың жетіспеуі. Яғни, осы бағытқа нақты басымдық қоятын адамдар аз.
Екінші мәселе — біз әлі күнге дейін Кеңес Одағының принциптерімен өмір сүріп келеміз. Бүгінгі таңда бізді оқытып жүрген адамдар — сол кезеңде білім алған буын. Бұл өз кезегінде үлкен мәселе туындатады.

Себебі қазіргі драматургия, режиссура, актерлік өнер — бәрі де қазақтың өз болмысын, ұлттық кодын, ішкі табиғатын зерттеудің орнына, әлемде не «модно» соны қайталауға бейім. Сондықтан қазіргі драматургия өте әлсіз. Тіпті кейде ол қысқа форматтағы ойын-сауық контентке ұқсап кетеді — адамдар попкорн жеп отырып қарайтын дүниеге айналады.

Ал шын мәнінде драматург — ол ұлттың жанын зерттейтін өте күшті тұлға болуы керек. Қазіргі мәтіндерден сол тереңдікті көрмейміз. Тіпті классиканы сахналаған режиссерлердің өзі оны үстірт қабылдайды.

Қысқасы, біз әлі өзгермеген буында өмір сүріп жатырмыз. Біз әлі де өз генетикалық кодымызды іздеу үстіндеміз. Сондықтан мәселе тек драматургияда емес — бүкіл өнер саласында. Білім жетіспейді. Біз әлеуметтік желінің ықпалына еріп барамыз.

2. Жас режиссерлер мен актерлерге мүмкіндік тапшылығы

Jarialike.kz:
Қазақстан театрларында жас режиссерлердің жаңа форма мен стиль іздеуіне қандай кедергілер бар?

Әлібек Өмірбекұлы:
Бұл мәселенің түп-тамыры — театрлық білім беру жүйесінде. Біздің қазіргі білім беру жүйесі бізге сай емес. Ол тағы да Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан, біз үшін емес, өзге жүйе үшін жасалған модель.

Екінші мәселе — бізде шығармашылық интеллигенция толық қалыптаспаған. Яғни, жүйелілік жоқ. Театрдағы білім ғылымға немесе нақты кәсіби жүйеге айналмаған. Біз әлі күнге дейін қайталаумен айналысамыз. Еуропаға, Ресейге ұқсауға тырысамыз, бірақ өз халқымызды зерттемейміз.

Көп адам «эксперимент жасауға мүмкіндік берілмейді» дейді. Мен онымен келіспеймін. Мүмкіндік бар. Бірақ сол мүмкіндікті пайдалана алатын мамандар аз. Себебі эксперимент жасау үшін алдымен негізді, фундаментті білу керек. Әліпбиді білмей тұрып эксперимент жасау мүмкін емес.

Қазіргі «эксперименттердің» көбі — тек сыртқы форма. Басқа елдердегіге ұқсату ғана. Нағыз эксперимент — жауапкершілік. Ол — тәуекел. Ол мәдениетті дамыту үшін жасалуы керек, жай эффект үшін емес.

Біз тәуелсіздік алғанымызға небәрі 35 жыл. Бұл — өте жас кезең. Сондықтан біз әлі толық құралдармен қамтамасыз етілмегенбіз. Эксперимент бар, бірақ ол өте сирек және көбіне сәтсіздік шегінде.

Менің ойымша, алдағы 10–15 жылда қазақ театры осы жолдан өтіп, үлкен эксперимент кезеңіне келеді.

3. Көрермен тәрбиесінің әлсіреуі

Jarialike.kz:
Жастарды театрға тұрақты көрермен ретінде қалыптастыру үшін қандай өзгерістер қажет?

Әлібек Өмірбекұлы:

 

Өнер — барлық заманда белгілі бір деңгейде «қару» болған. Ол арқылы қоғамға әсер еткен. Бірақ ең бастысы — көрермен тәрбиесі.

Бірінші мәселе — ата-ана. Қазіргі ата-аналардың уақыты жоқ. Олар ақша табумен айналысады. Ал өнер арқылы тәрбиеленген бала — әлдеқайда терең, жылдам дамиды.

Екінші мәселе — мектеп. Мектепте бәрі балл үшін жасалады. Бала білім үшін емес, нәтиже үшін оқиды. Ал рухани даму назардан тыс қалады.

Осындай жағдайда өскен балада театрға деген қажеттілік болмайды. Ол жылдам нәтиже, жылдам табыс іздейді.

Дегенмен, қазіргі уақытта қазақ көрермені театрға келеді. Тіпті жастар көп келеді. Бірақ егер біз білім беру жүйесін, отбасылық тәрбиені өзгертпесек — болашақта театрға келетіндер азаюы мүмкін.

4. Аймақтық театрлардың мәселесі

Jarialike.kz:
Аймақтық театрлардың дамуына ең көп әсер ететін мәселе қайсы?

Әлібек Өмірбекұлы:
Ең басты мәселе — мамандардың жетіспеуі. Өңірлерде кәсіби режиссерлер мен актерлер өте аз.

Екінші маңызды мәселе — жалақы. Актерлердің табысы төмен болғандықтан, олар 4–5 жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Мұндай жағдайда өнерге уақыт қалмайды.

Біздің міндет —

Өңірлерге кәсіби мамандар жіберу

Актерлерге лайықты жалақы беру

Техникадан бұрын адам маңызды. Ұлы режиссер Ежи Гротовскийдің «кедей театры» бар — онда кілем мен екі орындық қана болған. Бірақ актерлер толыққанды өмір сүрген.

Аш адам өнер жасай алмайды. Бұл — шындық.

5. Коммерция мен өнердің тартысы

Jarialike.kz:
Театр көркемдік миссияны ма, әлде көрермен сұранысын ба басты орынға қоюы керек?

Әлібек Өмірбекұлы:
Бұл — қалыпты процесс. Коммерциялық спектакльдер мен жоғары өнер әрқашан қатар жүреді. Ең дұрысы — баланс.

Адамдар театрға тек жылау үшін келмейді. Әртүрлі дүние керек. Бірақ өнер тек ойын-сауыққа айналса — ол өледі.

Қазір көп адам театрдан ақша тапқысы келеді. Бірақ театр — бизнес емес. Бұл уақытша тренд. Көрермен ақылды. Біраз уақыттан кейін ол терең дүние іздейді.

Өнер — мемлекеттің интеллектуалдық деңгейінің көрсеткіші.
Егер көрермен тек ойын-сауық іздесе — демек, білім беру жүйесінде мәселе бар.
Ал егер терең өнер сұранысқа ие болса — қоғам дамып жатыр деген сөз.

Көп оқылды: