Дауыс салуға Мөңкеден қаймығып, баланың бас жағында үнсіз егіліп отыр.
— Әлиза, мықты едің ғой... Шыда!
Әлиза бұрын да тоғыз баласын жерлеген әйел: алты ұл, үш қызы ауыл сыртындағы қара молада. Енді, міне, бұлардың соңғы алданышы... қырықтан асқанда көтерген сүт кенжесі... Соңғы шырағы сөніп барады. Ішке Әліби кірді. Онсыз да өзін шаққа ұстап отырған Әлиза әкесін көргенде аңырап, құшақтай алды.
— Құдай-ай!.. Не пиғылымнан таптым?
— Балам, шаршаған шығарсың... Демал.
Әліби қызын сүйеп апарып, төсегіне жатқызды. Жанынан үлкен ақ шыт орамал алып, көзін сүртті.
— Балам, бекем бол!.. Құдайдың салғанын көрерсің, — деп қызын жұбатпақ боп отырып, көңілшек шал қосыла жылады. Сосын өзінің осалдығын жуып-шаятын сылтау іздегендей,-біздің үйдің тентегі ере келмек боп еді... — деді.
Бұл үй таң атқанша кісіден құр болмады. Ел жата Есбол, Еламан, Рай келді. Кейінірек Дос келді. Өзге балықшылар да кезектесіп келіп қара көрсетіп жүр. Олар кешелі-бүгін Мөңкені ауру бала қасында қалдырып, ауын қарап қайтқылары кеп еді. Оған Еламан көнбеді. Ауру жанында езіліп отыра бергеннен оның қайта бір мезгіл мұз үстіне шығып қайтқанын жөн көрді. Осыған пәтуа басқан соң, Еламан таң біліне Мөңкені алып теңізге шықты. Қасында Рай, Дос, Құлтума бар. Құлтума Қабақ руынан. Оның ішінде Уақ деген іргелес отырған аз ағайын.