Мәзір
Бүгін, 13:58 / JariaLike / Күн-Жария

Шапшаң ашылған есіктен әуелі аппақ көйлектің етегі көрінді.

Әйел болғасын да ақ жібек шәліні басына жаулық қып тартпай, екі шетін қайырып әкеп желкесіне әншейін немқұрайды байлай салғаны да жас келіншектің сымбатына ерекше үйлесім тауыпты. Үстіндегі ақ торғын көйлекті де бала көтергелі толыға бастаған денеге лайықтап қынамасын қыспай, әдейі кеңдеу, молдау тіккен. Ақ торғын көйлектің отырса да, тұрса да жел шақырып делиіп ала жөнелетін етегі бұл келгелі тыным көрмей ұшып-қонып жүрген келіншектің үй ішіндегі қимылынан дүркіреп хабар беріп, екі еркек елең ете қап отыр. Әне, есік ашылды.

Шапшаң ашылған есіктен әуелі аппақ көйлектің етегі көрінді. Шапшаң ашылған есіктен әуелі аппақ көйлектің етегі көрінді.
ЖИ көмегімен жасалған

Делиген етек ар жақтан аппақ келіншекті ешқайда бұрылдырмай, тұп-тура қақ төрде отырған қонаққа әкелді. Қолына ұстай кірген құрт- ірімшікті қонақтың алдына төккелі бұл кезде әжептәуір толығып қалған денесін сәл иіп, тізесін сәл-пәл бүккенде, о, Алла, әлдебір ақ құс ғайыптан пайда боп, дастархан шетіне қонғандай, әлгі аппақ ақ торғын көйлектің делиген етегі қапелімде жан-жағына жайылып, айналасын ақшаңқандап көміп жіберді. Жас мырза ес-түсінен айырылып, ақтарылып қалған. Бұл не? Өң бе? Әлде түс пе? Әлде, осы күндері әйелінің қасында жатып та Ақбаланы ойлағанда нәпсісі құрғырды ұстай алмай, ақсары әрқашан баяғыны аңсайтын... сонда дәл осындай әдемі ғажап елес есін алмаушы ма еді? Тәңірберген дастарханға құрт-ірімшік төгіп жатқан Ақбалаға «Кетпеші!» дегелі ұмтыла түсті де, өзін әзер тоқтатты. Иә, мынау өңі болмас. Баяғыда, қайсыбірде екі ауыл қатар қонатын. Сонда ел тегіс ұйқыға кеткенде Ақбала екеуі ауыл сыртындағы күркіреуде кездесетін. Екеуден-екеу оңаша кездескен сол бір айлы түндерде екі ынтық екі жақтан жүгіріп кеп ыстық құшақтар үнсіз айқасып, ұзақ жабысып тұрар еді де, сонан айрылысар жерде бұл ылғи да осылай «Кетпеші! Тоқтай тұршы!» — деп қиылушы еді ғой?!

Тәңірберген Ақбалаға үйлене алмағанына өкінді. Не қыласың, бұның өзінен болды. Екі ағаның дегенінен шыға алмады. Қоңсылас отырған бір іргелі елге арқа тірегісі келді де, Ақбаланы жылатып, Ұлықұм бойын жайлаған Тілеу — Қабақ руының белді бір жуанының қызына үйленіп еді. Сонан бері Ақбалаға кездесуге беті шыдамай жүрген-ді. Сүйтсе, ой, айналайын-ай! Кісі асылы, әйел затынан садаға кетсе болмас па?! Апыр-ай, бұған не өкпе, не наз, кінә артып, опасыздығын бетіне баспады-ау.

— Шай алсаңшы, — деді Ақбала бұған кесені өз қолымен әперіп жатып.

Бұнда келгелі жас мырзаның көзі көп нәрсеге жетті: Ақбала күйеуге шыққасын да Еламанға баяғыдай салқын; тек ата, ана қосқасын шарасы құрып, лажсыз көнген. Ал, бұған деген махаббат бәз-баяғыдай. Қыз кездегіден бұны артық сүймесе кем сүймейді. Қайта, сүйгеніне қосыла алмаған әрбір әйелдей, бұрынғыдан да арман үздіге түскен бе? Ынтызарлық па, құштарлық па, қайсысы болса да, тағат, сабыр таусылып, шыдам шегіне жеткен кез осы ма? Соған дәл келді ме? Ана қарашы, қасында қабағын қарс жауып, тұнжырап отырған осы үйдің еркегі бар ма, жоқ па, тіпті ойына кіріп-шыққан жоқ. Әлгінде дастархан үстінен қолын созып кесені беріп жатқанда бұған екі рет көзін іркіп қарап еді; әсіресе соңғы қарағанда кірпік астынан ұзағырақ қадалған қара көздің шоқтай маздаған жанарында құдды түнгі өрттің сәулесі шарпып өткендей, енді сәл кідірсе өзімен қоса бұны да өртеп жіберетіндей жалындап тұр екен. Жас мырза дірілдеп кетті. Осы үйге жолы түскесін келе қалған әлдебір кездейсоқ қонақ емес, тіпті әрілесе үй қожасы дастархан басында мұртына қатқан мұзды үгіп отырған ана жаман балықшы да емес, осы үйдің нағыз қожасы бұның дәл өзі сияқты. Өзіне деген Ақбаланың ықыласын көргесін ол енді өзін ертеден бері үй ішінің шырқын бұзып, тұнжырап отырған мына немеге сыртын беріп, көбіне Ақбала екеуі сөйлесті. Дастархан жиналғасын тымағы мен қамшысын алды.

— Сау бол, Ақбала.

Есікке жақын тұрған келіншек сәл кейін шегініп, сыртқа беттеген жас қонаққа жол берді. Қоштасар жерде Еламан ернін қимылдатқаны болмаса, отырған орнында тырп етпей отырып қалды. Шабалақдаған иттер бейуақта аттанған қонақты ауыл сыртына ұзатып салды. Ат тұяғының дүбірі әбден ұзағанша Еламан тырп етпеді. Ол бағана бір кергенде-ақ мына бәйгі күрең бұл өңірдегі өзі білетін жылқылардан түсі бөлек мал екенін білген-ді. Шамасы, бұ да қаншелек Кәленнің қолынан шыққан ұрлық мал болар деп ойлаған. Мынау шынында да қуса- жетіп, қашса-құтылатын ат.

Көп оқылды: