Көптеген классикалық спектакльдерге баға бергенде мынадай тіркестер жиі қолданылады: «Шекспирді дұрыс түсінген», «Островскийдің ішкі иірімін аша білді», «Гольдонидің нағыз табиғатын көрсеткен», немесе керісінше: «дұрыс ашпаған», «теріс түсінген»…Мұндай баға – автордың жазғанына “тура мағынада адал болу” деген ойдан туындайды. Бірақ классиканы түсіну деген – оны сөзбе-сөз қайталау емес, оның рухын, өзегін бүгінгі сана арқылы қайта сөйлету. Себебі Шекспир де, Островский де – өз заманының перзенті. Ал біз – өз уақытымыздың адамымыз. Екі арада ғасырлар, көзқарастар, құндылықтар ауысты. Ендеше «дұрыс түсінді ме, жоқ па?» деп кесіп айту үстірт баға.Классикалық шығарма – біржола жабылған кітап емес, әр дәуір оқырманы жаңаша ашып отыратын күрделі мәтін. Бір дәуір оны махаббат туралы десе, екінші дәуір – билік туралы, үшінші дәуір – жалғыздық пен шындық туралы оқуы мүмкін. Бұл оның байлығы. Ал «дұрыс ашу» деген ұғым сол байлықты шектеу болып кетпей ме?Шын мәнінде сұрақ басқаша қойылуы керек: бұл спектакль бүгінгі көрерменмен қалай сөйлесті? Қандай жаңа мағына тудырды? Көрерменге не айтты, нені сезіндірді? Осы сұрақтар ғана классиканы тірі әрі өзекті күйде ұстайды. Әйтпесе біз классиканы «қасиетті» деп жариялап, оған тіл бітіре алмай, тек сыртынан табынып өтеміз.Осындай бағалау шығармашылық шындықты емес, автор туралы стереотипті түсінікті бекітеді. Бұл тәсіл – шығарманы ашуға емес, оны “қате ашпаудан” сақтануға негізделеді. Нәтижесінде, режиссер де, актер де автордың идеясын іздеп емес, оның “беделіне зиян келтірмей” жұмыс істеуге тырысады. Бұл – өнердің еркіндігін шектейтін, классиканы тірідей ескерткішке айналдыратын ұстаным.Стереотипке айналған бағалар – «Мольер жеңіл комедия жазған», «Гоголь – гротеск шебері», «Әуезов – тек эпикалық кеңдікке құрылған» деген секілді — туындының көркем кеңістігін тарылтады. Сөйтіп, автор шығармашылығының ішкі күрделі иірімдері ашылмай қалады.Классика – құрметтеуді емес, қайта түсінуді қажет етеді. Ол әр дәуірде жаңаша оқылуы тиіс.Сондықтан да классиканы тірі тұлға ретінде қабылдау керек: ол тек қалай жазды? деген емес, неге жазды?, егер бүгін өмір сүрсе, не айтар еді? деген сұрақтармен жұмыс істеуді талап етеді.