Суық қапқан бойы сықырлап, аласа есіктен ақырын кіріп келе жатқан үй иесін көргенде төрде отырған жас жігіт осыған дейінгі нығыз қалпынан айырылып қап, лып етін жеп-жеңіл түрегелді:
— Ел-аға... ассалаумалейкүм!
Еламан салқын амандасты. Сонан артық тілге келмей, суық қапқан киімі сықырлап, есік алдында теріс қарап тұрып шешінді. Ә дегенде Ақбала іштей абыржып қалса да, бірақ іле-шала өзін де, өңін де оп-оңай билеп ала қойды. Қолындағы шаруасын тастай салды да, қашанда өзін ұстай білетін сабырлы қалпын сақтап, көк сауыр кебіс киген ып-ықшам аяғын ақырын ырғаң-ырғаң басып есік алдында шешініп жатқан Еламанға барды. Қолынан су киімдерді алды. Алуын алса да, бірақ оны қайтерін білмей, өзінен қашыртып әрегірек ұстап тұрды да, сосын ошақ жанындағы отын үстіне тастай салды. Әдетте, теңізден келгенде Еламанның су киімін пешке жаятыны есіне кейін түсті. Соған өзі ыңғайсызданып қалса да, бірақ қонақ жігіттің бұны көзінің астымен бағып, жымиып күлімсіреп отырғанын байқады да, отын үстінде жатқан су киімге қолын созбады. Төрде мұрты жылтырап, түк білмегенсіп тымсырая қалған жас мырзаға бұрылып сазара бір қарады да, сосын қайтып оған көңіл бөлген жоқ. Ендігі қылығының бәрі оған бейне «күлсең күле бер. Тәңірі маңдайыма осы балықшыны жазғасын қайтем?.. Ендігі жерде осының отын жағам, осыған қызмет етем» деп, ар жағында айта алмай, ішін өртеп жүрген ызасын ашынғанда бір-ақ аңғартты да, осыдан кейін қысылмай да, қымсынбай күйеуінің бар жағдайын істеп, пеш түбіне төсек салды, иығына шапан жапты. Еламан қонақ жігіт көзінше өзіне көрсеткен Ақбаланың ықыласына дән ырза.
— Ел-аға, біз көріспегелі қай заман?! Қалай, ауыл-ел аман ба?
— Шүкір.
— Балық талабы қалай?
— Қайдағы балық?..
— Иә, мұз қатпай тұр ғой. Қыстың кештегені мал ұстаған шаруаға жақсы болса да, сендерге қиын екенін білем.
Еламан үндемеді. Тәңірберген оның ыңғай бермеген сыңайын байқаса да, бірақ түк болмағандай түсі шіміріккен жоқ. Иығындағы түлкі ішіктің екі шалғайын тақымының астына басып, ырғалып қойды да:
— Ел-аға, — деп әңгімені әріден қозғады, — көрші отырған қоныстас ауыл едік. Қуанышымыз бен көрер қызығымыз ортақ емес пе еді? Аталас болмасақ та, екі ауыл аядай жерде іргелес отырғасын бір дәнді жарып жеп, бір малдың сүтін бөліп ішкен бүтіндік емес не еді көздегеніміз? Солай емес пе, Ел-аға?
Еламан мырс етті. Бірақ бұл жолы да үндеген жоқ.
— Шынымды айтайын, кеше сен үйленгенде тойыңа шақырар деп дәметіп едім...
О, залым! Бұл не, мазақ па? Тым құрыса, түзде де емес, үйде, төріңде отырып... Зығыры қайнаған Еламан аузына сөз түспей, ішінен тынып, түсі бұзылып отыр. Қанша қиын болса да, осы кеш мына залымның алдында сыр бермей, шыдап баққысы кеп еді; оған бірақ өзін ұстаса да, өңін билей алмай, салқынқандылығын сақтау қиын боп бара жатқасын басын бауырына тартып, түсін бермей томсарып отырып мұртына қатқан мұзды бір-бірлеп үгіп түсіре бастады. Тәңірбергенге әлі назарын тіктеп қараған жоқ; Ақбалаға да қарамауға тырысты. Дәл қазір Ақбалаға қараса көптен көкірегін қарайтып жүрген талай күдіктің бетін ашатындай қорықты. Әншейінде жаннан жасқанбайтын ала көз тұнжыраған қабақ астына тығылып қалған. Бұл қазір қарамайын десе де, қарамауға тырысып бақса да, бірақ... Осылай отырып та көкірегі құрғыр бәрін сезіп отыр. Бала көтергелі Ақбалаға отырып-тұру қиындап қалғанына қарамай, үйге қонақ келгелі бәйек боп ұшып-қонып жүр. Әне, сыртқа шықты. Міне, ішке кірді. Сыртқа шығып, ішке кіріп ұшып-қонып жүріп шай демдеді. Ұшып-қонып жүріп дастархан жайды. Жас қонақтың асқа қарамаймын дегеніне болмай, әлі сол аяғы жерге тимей, ұшып қонып жүріп әкесіне сақтап отырған сыбағалы мүшені солайымен қазанға салды. Жоқ, мынау бұрынғы Ақбала емес. Басқа. Мүлде... мүлде басқа. Әне, ең аяғы үйде жоқ нәрсені осы ауылға келін боп түскелі есігін ашпаған ана көрші, мына көршіге жүгіріп, біреуден ана жоқты, біреуден мына жоқты сұрап әкелді.
Еламан өзін әзер ұстады. Ақбалаға жекіп «отыр, шайыңды әкел!» дегісі кеп әлденеше оқталса да, бірақ соның бәрінде де дәл айтар жерде аузы бармады. Соның үстіне Мөңке келді.
— Ақсақал, төрге шығыңыз! — деді қонақ серпіліп, жоғарғы жағынан орын беріп.
— Тырп етпе! Қазақ баласы сендер төрде жүрсеңдер біздің басымыз жерде қалмас, — деп Мөңке қонақтан төменірек отырды да, — ие, бала, — деп Тәңірбергенге бұрылды, — келе қоймайтын ауылың еді ғой бұл. Жай жүрсің бе?
— Аң аулап шығып едім.
— Ә, аң аулап жүрсің бе? Қалай қанжығаны қандадың ба?
— Өткен жолы осы маңнан қашқан бір түлкіден айырылып қалғам. Сәті түсіп соған кездескенім.
— Апыр-ай, ә?! Жолың болған екен.
— Сары қаншық түлкіні көп қумаушы еді. Осы жолы біраз шалды. Тап мына сіздің ауылдың сырт жағындағы қоңыр төбеге келгенде жетті.
— Е-е, келетін ойым жоқ еді, түлкі әкелді де. Мақұл! Мақұл!.. — деп Мөңке лекіте күлді де, — бала, осы сенің інің қайда? — деді.
— Жасанжан Орынборда, оқуда ғой. Жақын арада келеді, — деп Тәңірберген тілдесетін кісі табылғанына қуанып, Мөңкеге қарай бұрылып еді. Бірақ Мөңке арғы жағында отырған Еламанға бұрылып, екі балықшы өзара шүйіркелесіп кетті.
— Сені Оралскі байы шақырды деді ғой?
— Иә, шақырды. Мұз үстіне қашан шығасыңдар дейді.
— Сен не дедің?
— Не дейін... Мұз әлсіз, көп адам боп шоғырланып жүру қауіпті дедім.
— Дұрыс айтқансың. Ал, Шодыр не деді?
— Не деуші еді, балық керек деп шолтаңдап тұр.
— Е, байға балық керек болса, кедейге жан керек емес не екен?
Еламан үндемеді. Қарт балықшы енді Тәңірбергенге бұрылды:
— Қонақ бала, мен осы бір әңгіме есіттім ғой... Сенің қойлы ағаң болыстың сайлауына түсті деген не? Рас па?
Құдайменде байды ел арасы кемсітіп Қаратаз дейтін. Мөңке бұл арасын сыпайылап келтірсе де, бірақ ар жақ көмейінде «қойы болмаса, тәйірі со да кісі ме?!» деген кекесін тұрды. Көңілі жүйрік жігіт соны сезсе де, сыр бермей:
— Иә, ол кісі сайлауға түсті, — дей салды.
— Қадамы қайырлы болсын!
Шын көңілден тілектестік білдіріп жатқан сияқты еді. Жас мырза да солай қабылдап еді, бірақ Мөңке тағы да аяқ астынан мінез шығарып, қасында отырған Еламанды тақымынан басып қойып:
— Көрдің бе, бала?! Азуы пышақтай, арқасы ошақтай ағаларың, әне, үйірге түскісі кеп жүр. Ертеңгі күні құтпан айғырдай, ел шетін торып, азынап шыға келер, әлі-ақ! — деп тағы да лекіте күлді де, — жә, мен кетейін, — деп түрегелді.
— Асқа қара!
— Рақмет! Ауру баққан үйміз ғой... Жеңгең жалғыз. Үйге барайын.
Мөңке жас қонаққа назар да салмай, сырт орай берген суық қалпы шығып кетті.