Бір жыл өтпей, анасы қайтыс болды да, жетім бала бай ауылдың қозы-лағын бақты. Ер жеткесін жеті жыл Құдайменденің жылқысын бақты. Бір жолы кешкісін жылқыны серігіне тапсырып, Көлқора табанында отырған Сүйеу қарттың ауылына қонып келуге кеткен-ді. Әкесі көзі тіріде Сүйеудің бесіктегі қызын кішкентай Еламанға атастырып қойған екен. Еламан Сүйеу қарттың өзін бөтен көрмейтінін байқағасын орайы келгенде, қалыңдығына із суытпай барып тұратын-ды. Бұның сорына сол күні түнде жылқыға қасқыр шауып, Құдайменденің Аяққұмдағы құдасынан алған жүйрік атын жарын кеткен-ді. Хабар тиген бойда Құдайменде бір топ жігітпен жылқышы қосына сау ете қалды. Еламан оған «Ассалаумағалейкум» деп қос қолын соза беріп еді, Құдайменде:
— Әй, ит! Сен үйірге салатын айғырым ба едің? Сен менің жылқышым бола — туң, — деп ақырып, Еламанды қамшымен қақ бастан тартып жіберді.
Еламан атына қарғып мінді. О да атын омыраулатып, тебініп келіп қалғанда, Құдайменденің қасындағы жігіттер жібермей, жолын кес-кестеп тұра қалды.
— Әй, Құдайменде!.. Жылқың әне! Мен кеттім. Дүние кезек. Күнім туса көрермін, — деді де, Еламан ат басын бұрып, құйындатып ала жөнелді. Теңіз жағасынан промсол ашып жатқан бай орысқа жалданды. Қазақ арасында бірде Шодыр, бірде Тентек Шодыр атанған Оралскі байы зәті қатты кісі еді; әсіресе, қарауындағыларға атал. Орыс — герман соғысы басталғалы балықтың бағасы күрт көтерілді де, орыс байы бұларды бір күн бел шешіп отырғызбай, күн-түн теңізге қуалап әбден ақ иық боп жүрген-ді. Тек мұз қатар алдындағы осынау аз ғана күн абыржыда Тентек Шодырдың амалы құрып, бұларға үндей алмады. Бұлар да абыржының аз ғана күнін дәтке қуат қып, ұлы теңізге ілгерілеп бармай, жағалаудың кілегей көкше мұзына бір тартым, жарым тартым ау салып, үй ішінің күнделік нәпақасын айырып жүрген-ді...Еламан бұл түнді ұйқысыз атырды. Ақбала да теріс қарап жатқан күйінен тырп еткен жоқ, түнімен көз ілмеген Еламан тек таң алдында талықсып кеткен-ді, жел тұрыпты. Көзін ашқанда жағалаудың әдеттегі жынды желі шырт ұйқыда жатқан ауылдың үстінен аса соғып әупіріп тұр екен. Жапқысы жоқ бір мойын пештің көмейі гүрілдеп, үй іші ызғып кетіпті. Әлгінде сыртын беріп ары қарап жатқан Ақбала тоңғасын бұған бұрылып, бар денесімен бауырына кіріп жабысып алған екен. Қолы, аяғы мұздай. Еламан құшақтай алды. Түндегінің бәрі есінен тарс шығып кетті. Бұлар қазір күнде осылай төсекте табысатын боп жүр. Еламан бойына бала біткелі денесі толыға бастаған Ақбаланың күн санап екеуара жатқан төсектің көбін оның ала бастағанына қуанады. «Босануға қанша қалды екен?» — деп ойлады. Ақбаладан сұрауға бата алмады. Қазір ана жатырындағы баланың бойында бар мүшесі түгел. Құдай қаласа, енді екі айдың о жақ, бұ жағында... «Ары жат, қысып тастадың» — деп, құдды ашу білдіргендей, әлде бір бітімсіз дене бұның дәл Ақбала жақ бүйірінен бүлк-бүлк етті. Еламан шапшаң серпіліп, ары ысырылып жатқанын сезбей қалды. Ет-бауыры соншалық елжіреп кетті. Бұрын — соң татпаған, мүлде беймәлім ыстық сезімнен жүрегі шым етті. Көрмейсің бе, әлден тірілігін танытып, тыпыршып жатқан мына кішкентай немені бауырына қысқысы кеп кетті. Қарап тұрып жылады. Соған өзі қысылып, күліп басын шайқады. Тез киінді. Есіктен шығар жерде соңыра үйге асымдық балықты салып әкелетін қапты еңкейіп ала бергенде,отын үстінде жатқан ақ тушадай қоянға көзі түсті.