Мәзір

Амантай Жұмашев: «Көктен іздегенімді театрдан таптым»

Театр туралы сөз болғанда ең алдымен актер көзге түседі, режиссер ойға оралады. Бірақ спектакльдің жанын естіртіп, сахнаның тынысын музыкалық ырғақпен өрнектейтін өнер иелері бар. Олар көбіне көрермен назарынан тыс қалып жатады. Ал шын мәнінде театрдың эмоциялық кеңістігін қалыптастыратын негізгі күштердің бірі -музыка.

Амантай Жұмашев: «Көктен іздегенімді театрдан таптым» Амантай Жұмашев: «Көктен іздегенімді театрдан таптым»

Амантай Жұмашев -Қаллеки театрының алғашқы күндерінен бастап оның музыкалық болмысын қалыптастырған санаулы тұлғалардың бірі. Театрдың іргетасы қаланған кезеңнен бастап бүгінге дейін ұжыммен бірге жасап келе жатқан өнер иесінің шығармашылық жолы Қаллеки тарихымен біте қайнасып жатыр.

Театр берген тағдыр

Амантай Жұмашұлы театрды жай жұмыс орны ретінде емес, тағдыр сыйы ретінде қабылдайды.

«Театр маған мағыналы шығармашылық ғұмыр берді. Осы театрға шақырылғаным үшін әуелі Аллаға, тағдырыма шүкіршілік етемін. Мен жай хормейстер емес, театрлық хормейстер болып шыңдалдым».

Бұл сөздің астарында үлкен өнер жолы жатыр. Музыкалық білім алған маман үшін театр кеңістігі жаңа әлем болды. Өйткені театрдағы музыка жеке өмір сүрмейді. Ол актердің сөзімен, қозғалысымен, ішкі күйімен тұтасып кетеді.

Сондықтан Амантай Жұмашев өзін ең алдымен театр тәрбиелегенін айтады. Театр оған тек кәсіби тәжірибе емес, шығармашылық еркіндік пен өзіндік қолтаңба сыйлады.

Бақыттың өлшемі

Өнер адамдарының бақыты туралы сұраққа әркім әртүрлі жауап береді. Біреу марапатты айтады, біреу атақты атайды. Ал Амантай Жұмашев үшін бақыт әлдеқайда қарапайым әрі шынайы.

«Сенің энергетикаңа, эмоцияңа әріптестеріңнің ыстық ықыласы мен разылығы — мен үшін үлкен бақыт. Мен оны әртістердің үнінен, көзінен байқаймын».

Бұл — ұжымдық өнердің адамына тән жауап.

Хормейстер үшін басты марапат сахна сыртында емес, репетиция үстінде туады. Ән орындалып жатқан сәтте актердің жан дүниесі музыкамен үндесіп кетсе, шығармашылық байланыс орнаса — нағыз бақыт сол.

Сондықтан ол:

«Мен жұмыс жасаған сайын бақыттымын», — дейді.

Қаллекимен бірге өскен өнер

Қаллеки театрының тарихы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келеді. Сол кезеңде жаңа астанаға келіп, театрдың қалыптасу жолына куә болған тұлғалардың бірі — Амантай Жұмашев.

«Мен бұл театрды ашқан адамдардың қатарындамын. Бұл театр маған өнер адамының бақытын берді».

1991 жылы шақырту алған кезде ол еш ойланбастан келісім береді. Оның бұл шешіміне тағдырлық байланыстар да әсер етеді. Өйткені Целиноград оған жат қала емес еді. Студенттік шағы осында өтті. Өмірлік жары да осы қалада жолыққан.

Сондықтан жаңа театрға келу — жаңа мекенге көшу емес, өзінің рухани кеңістігіне қайта оралу секілді қабылданды.

«Бірден шешім қабылдап, Целиноградқа тартып отырдым. Бұл өмірімді күрт өзгерткен керемет шешім болды».

Кейін бұл шешім қазақ театр өнеріндегі жарты ғасырға жуық шығармашылық ғұмырдың өзегіне айналды.

Алғашқы күннің әсері

Өнер адамдарының жадында алғашқы күндер әрқашан сақталады.

Амантай Жұмашев театр табалдырығын аттаған күнді ерекше толғаныспен еске алады.

Жезқазғаннан ұшып келген бойда жұмысқа кіріседі. Уақыт тығыз. Театр ашылуға дайындалып жатыр.

Алғаш қолға алған шығармасы — Көкек.

Сол сәтті ол былай еске алады:

«Әннің мағынасы актерлердің үнінде де, сөзінде де, көзінде де, қимылында да, бүкіл тұла бойында жүріп жатты».

Кәсіби әншілермен көп жұмыс істеген музыкант үшін бұл күтпеген әсер болды.

Келесі болып халық әні Қызыл құмда ауылым орындала бастағанда актерлердің мінезі де, эмоциясы да мүлде өзгеріп кеткен.

«Кәсіби әншілерден көре алмаған эмоцияны театр актерлерінен көріп, қатты әсерлендім».

Сол күнгі таңданыс әлі күнге дейін ұмытылған жоқ.

Тіпті алғашқы репетицияларда орындалған «Көкек», «Қызыл құмда ауылым», «Бипыл», «Ойкөк» әндері бүгінге дейін театр репертуарынан түскен емес.

Музыканың үніндегі театр тарихы

Отыз бес жылдан астам уақыт бойы Амантай Жұмашев Қаллеки театрының музыкалық тынысын қалыптастырып келеді.

Ол ұйымдастырған «Наурызым – әнім, наурызым – сәнім», «Ән – домбыра, сән – домбыра» бағдарламалары ұлттық ән өнерін театр кеңістігімен ұштастырды. Оның жетекшілігімен құрылған вокалдық топ театрдың өзіндік музыкалық мектебіне айналды.

Сонымен қатар Танакөз, Күшік күйеу, Бажалар мен балдыздар, Пай-пай, жас жұбайлар-ай спектакльдеріне жазған музыкалары театр тарихының ажырамас бөлігіне айналды.

Қаллеки театрының кейінгі жылдардағы ауқымды музыкалық қойылымдарында да Амантай Жұмашевтің қолтаңбасы айқын сезіледі. Әсіресе Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы музыкалық шешімдер мен Шәмші Қалдаяқовтың өміріне арналған «Шәмші» элегиясындағы әндерді сахналық кеңістікке лайықтап өңдеуі театр көрермендері мен мамандары тарапынан жоғары бағаланды. Ұлы ақын әлемін терең философиялық әуезбен көмкерген «Абайдағы» музыкалық атмосфера мен қазақ ән өнерінің падишасы Шәмші шығармашылығын жаңа драмалық тыныспен сөйлеткен музыкалық өңдеулер Амантай Жұмашевтің кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның жұмысы спектакльдегі музыканы сүйемелдеу құралы ғана емес, драматургиялық әрекеттің ажырамас бөлігіне айналдыра білді.

Кейде бір театрдың тарихын спектакльдер арқылы емес, оның әндері арқылы да тануға болады.

Амантай Жұмашевтің шығармашылық жолына қарағанда, Қаллеки театрының музыкалық шежіресі дәл сондай әсер қалдырады.

Өйткені кей адамдар театрға келеді.

Ал кей адамдар театрдың өзіне айналады.

Амантай Жұмашев — солардың бірі. Оның өз сөзімен айтқанда:

«Көктен іздегенімді театрдан таптым».

Мүмкін, өнер адамы үшін бұдан артық анықтама да керек емес шығар.

Көп оқылды: