Түркияның әйгілі «Көкжалдар мекені» («Kurtlar Vadisi») сериалы көптеген есте қаларлық кейіпкерлерді дүниеге әкелді.
Солардың ішінде Сүлеймен Чакырдың орны ерекше. Кейіпкерді сомдаған актер Октай Кайнаржа жақында берген сұхбатында Чакыр бейнесінің қалай дүниеге келгенін және оның көрермен жүрегінен неге ерекше орын алғанын еске алды.
Актердің айтуынша, сериалдың негізіне америкалық форматтағы жобалардың тәжірибесі әсер еткен. Алайда сценаристер шығарманы түрік қоғамына лайықтап, өзіндік ерекшелігі бар туындыға айналдырған. Нәтижесінде сериал алғашқы бөлімнен-ақ үлкен танымалдыққа ие болды.
Октай Кайнаржа Сүлеймен Чакыр бейнесін сомдау кезінде көптеген репликаларды өз өмірінен, естіген әңгімелерінен алып, импровизация жасағанын айтты. Оның «Не әдемі Стамбұл!» секілді қанатты сөздері көрермен арасында кең таралып, халық жадында сақталып қалды.
Сериал тарихындағы ең әсерлі сәттердің бірі – Сүлеймен Чакырдың өлімі болды. Бұл қарапайым телекаһарманның тағдыры ғана емес, көрермен үшін үлкен оқиғаға айналды. Тіпті кейіпкердің құрметіне сырттай жаназа намазы оқылып, жыл сайын газет беттерінде еске алу хабарландырулары жарияланған.
Осының бәрі Сүлеймен Чакырдың жай ғана сериал кейіпкері емес, тұтас бір дәуірдің символына айналғанын көрсетеді.