«Дети небес» фильмі 1997 жылы жарыққа шыққан. Сценарий авторы әрі қоюшы режиссері — Маджид Маджиди. Фильм 1999 жылы «Оскар» сыйлығының «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына ұсынылған.
Фильм қарапайым кедей отбасының тіршілігін суреттейді. Отбасындағы мектеп жасындағы Әли мен Захраның өмірі жоғалып кеткен бір жұп туфлидің айналасында өрбиді. Алғашқы сахнада етікшінің Захраның туфлиін тігіп отырғанын көреміз. Сол сәтте фильм оқиғасы дәл осы аяқ киім төңірегінде дамитынын аңғара бермейміз. Алайда Әли жөнделген туфлиді жолда жоғалтып алғаннан кейін, бүкіл оқиға балалардың сол мәселені шешуге тырысуына құрылады.
Балалар бұл жайында ата-анасына айтуға қорқады. Сондықтан Захра мен Әли бір аяқ киімді кезектесіп киіп мектепке баруға мәжбүр болады. Осы тұста фильм балалар психологиясын өте нәзік береді. Әлидің жаңа қарындашын көрсетіп, қарындасынан қайта-қайта келісім сұрауы - бала көңілдің кішкентай нәрсеге қуанып, тез жұбанатынын байқатады.
Фильмде ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі артық пафоссыз, әрекет арқылы көрсетіледі. Мысалы, Захра қант ұсақтап отырған кезде әкесі одан бір түйір қант сұрайды. Қызы «осы жерден ала салыңыз» дегенімен, әкесі келіспейді. Себебі ол қант мешіттегі жұмысына арналған. Осы кішкентай деталь арқылы әкенің адалдығы мен балаларға үнсіз беріп отырған тәрбиесі көрінеді. Сол секілді Әлидің анасына көмектеспегені үшін әкесінен ескерту естуі де оның бойында жанашырлық пен жауапкершілік сезімінің қалыптасуына әсер етеді. Фильм ата-ананың тәрбиесі тек сөзбен емес, күнделікті әрекетпен берілетінін дәл көрсетеді.
Туфли мәселесі балаларды үнемі мазалайтыны фильм бойындағы детальдар арқылы ашылады. Олар теледидардан аяқ киім жарнамасын көрсе де, дүкен жанынан өтсе де назар аударып қалады. Әсіресе Захраның мектепте барлық қыздардың аяқ киіміне қарап жүруі, үнемі төмен қарауы — оның ішкі қысылысын айқын сездіреді. Бұл — баланың үнсіз уайымы.
Дене шынықтыру сабағында Захра үлкен спорттық аяқ киім киіп келгеніне ұялып, артқа қарай ығыса береді. Бірақ туфли киіп келген оқушы мұғалімнен ескерту естіген сәтте, Захра өз аяқ киіміне шүкіршілік еткендей күй кешеді. Аз ғана уақыт бұрын көңілі түсіп тұрған қыздың жүзіне қайтадан қуаныш ұялайды. Бұл көрініс балалардың эмоциясын өте шынайы жеткізеді.
Бір күні Захра жүгіріп келе жатып аяқ киімінің бірін арыққа түсіріп алады. Үйге кешігіп келгені үшін Әли оған ренжиді. Сонда Захра ата-анасына бәрін айтқысы келеді. Бірақ Әлидің: «Оны алатын ақшалары да жоқ...» деуі балалардың ата-анасының жағдайын қаншалықты түсінетінін байқатады. Олар мәселені өздері шешуге тырысады. Бұл — ерте есейген балалардың психологиясы. Әрине, фильм олардың әлі де бала екенін ұмыттырмайды. Әлидің бақылауды жақсы жазғаны үшін мұғалімнен сыйлыққа қалам алуы және оны бірден Захраға беруі — сондай жылы сәттердің бірі. Захраның сол мезетте-ақ ренішін ұмытып кетуі бала көңілдің тазалығын көрсетеді. Ағасының кішкентай ғана ықыласы қарындасы үшін үлкен мейірімге айналады.
Фильмнің шешуші тұстарының бірі — жүгіру жарысы. Үшінші орынға спорттық аяқ киім берілетінін естіген Әли жарысқа қатысуға бел буады. Оның мақсаты — жүлде емес, қарындасына аяқ киім алып беру. Режиссер жарыс кезінде Әли мен Захраның жүгіріп жүрген сәттерін параллель монтаж арқылы байланыстырып, баланың ішкі арпалысын тереңдете түседі. Алайда Әли ойлағандай үшінші емес, бірінші орын алып қояды. Барлығы қуанып жатқанда, оның жылап тұруы — фильмнің ең әсерлі тұстарының бірі. Себебі ол үшін жеңістің беделі емес, қарындасына қажет аяқ киім маңызды еді. Сондықтан оның ең бірінші қойған сұрағы: «Мен үшінші орын алдым ба?» болады.
Жарыстан кейін Әли жараланған аяқтарын суға малып отырған сахна да символикалық мәнге ие. Су ішіндегі алтын балықтардың оның аяқтарын айнала жүзуі көрініске ерекше нәзіктік береді.
Фильмнің соңында Әлидің әкесі велосипедпен келе жатып, артқы жәшікте жаңа аяқ киім алып келе жатқаны көрсетіледі. Режиссер балалардың мәселесі шешілгенін ұзақ түсіндірмей-ақ, бір ғана кадр арқылы жеткізеді.
«Дети небес» фильмі көзге көрінбейтін, өте нәзік ішкі арпалыстар арқылы әсер етеді. Қарапайым тұрмыс, бала көңілі, үнсіз мейірім — картинаның басты құндылығы.