Қазақ поэзиясында халықтық ойлау жүйесін, ұлттық мінезді, адамдық қасиеттерді дәл әрі өткір жеткізе білген ақындардың бірі – Қадыр Мырза Әли. Оның шығармаларында күнделікті тіршіліктен бастап қоғамдық мәселелерге дейін кең қамтылып, оқырманды ойлануға жетелейді.
«Сол жаман» өлеңі – ақынның адам өміріндегі құндылықтар мен келеңсіз құбылыстарды таразылаған философиялық толғауы. Өлеңде әзілдің дауға айналуы, достың жауға айналуы, адамның өз орнын білмеуі, елдің ақынын бағаламауы, әділетсіз басшылық секілді қоғамға тән мәселелер көркем тілмен бейнеленеді.
Қадыр Мырза Әли бұл туындысында жамандықтың түр-түрін тізбелеп қана қоймай, оқырманды адамгершілікке, парасатқа және жауапкершілікке үндейді. Сондықтан да өлең бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Қадыр Мырза Әли
«Сол жаман»
Әзіл түбі дауға айналса – сол жаман,
Алғыр қыран шауға айналса – сол жаман.
Бала кезде тапқан досың
Бір күні
Жалт бұрылып жауға айналса – сол жаман.
Алған жарың доңыз болса – сол жаман,
Доңыз дауге негіз болса – сол жаман.
Құмыр бұлбұл ғашық болған өлгенше
Қызыл гүлге қоңыз қонса – сол жаман!
Жарыместі зерек десең – сол жаман,
Жаман ұлды өбектесең – сол жаман.
Әйеліңе,
Бала-шаға,
Туысқа –
Бір адамға керекпесең – сол жаман!
Ата жауың шалықтаса – сол жаман.
Өшігуден жалықпаса – сол жаман.
Шыбын жаны шырқыраған жері үшін
Шәйірлерін елі ұқпаса – сол жаман!
Иесіне ит абаласа – сол жаман,
Сүрінгенді табаласа – сол жаман.
Өзгелерден төмен тұрған ағайын
Өзін биік бағаласа – сол жаман!
Жыртық үйден жел гулесе – сол жаман.
Өлім – бесік әлдилесе – сол жаман.
Бір жыл емес,
Бес жыл емес,
Ұзақ жыл
Ақымақ бастық ел билесе – сол жаман!
Мықты жырды мақтамасаң – сол жаман,
Мақтағанда ақтамасаң – сол жаман.
Сәтті бастап өлеңіңді,
Сөзіңді
Тоқтар жерде тоқтамасаң – сол жаман!