Kazinform дерегінше, Түркістан облысында траншея қазу тоқтамай тұр. Ауыл шаруашылығы мақсатында жер алған шаруалар аумақты қоршаудың тиімді әдісіне көшкен.
Яғни, аумағын арнайы материалдармен қоршап шығындалмай-ақ айнала бір метр тереңдікте қазып тастайды.
Бұл тәсіл шаруаға тиімді болғанымен табиғатқа орасан зор залалын тигізіп отыр. Атап айтар болсақ, түрлі бауырымен жорғалаушылар мен үй жануарлары сол траншеяға түсіп қайта шыға алмай, өліп кетіп жатыр.
Сондай-ақ, бұл тәсілдің топырақтың құнарлы қабатының бiржола жойылуына алып келетін зардабы да бар.
Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023-2024 жылдары Бәйдібек, Келес, Отырар, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары бойынша 186 жер пайдалданушы тарапынан траншея қазылғаны анықталған.
Зерделеу жұмысының барысында 118 жер пайдаланушының қазған траншеялары көміліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, 9 жер пайдаланушыға Әкiмшiлiк құқық бұзу кодексі 337-бабының талаптарына сәйкес, айыппұл салынған.
— Аталған кодекстің 337-бабының 1-тармағына сәйкес, топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу топырақтың құнарлы қабатының бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, топырақтың құнарлы қабатын, оның ішінде басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатында жою немесе заңсыз сыдырып алу — жеке тұлғаларға — қырық, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — жеті жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — бір мың, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Аудан, қала әкімдіктерімен жер пайдаланушыларға жерді қорғау яғни, жер учаскелерін мақсатына сай ұтымды пайдалану бойынша түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берілген, — делінген басқарма ақпаратында.
Ал табиғат қорғаушылар траншея қазған шаруалардың немқұрайлы әрекетінен қызыл кітапқа енген жәндіктер мен жануарлар өліп кетіп жатқандығын айтып, дабыл қағып жатыр.