Inbusiness.kz дерегінше, Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері 6 жасар қыз баланың асқазанына күрделі ота жасады. Науқас облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем қызметі арқылы жеткізілген. Пациентке ЭФГДС процедурасын жасаған дәрігерлер қыздың асқазанында бөгде зат бар екендігін анықтап, күрделі ота жасады.
Ота кезінде дәрігерлер бүлдіршіннің асқазанынан салмағы бір келіге жуық ұйысып қалған шаш алып шықты.
Бір аптаға жуық ауруханада ем алған қыз баланың қазіргі жағдайы жақсы.
Анасының айтуынша, баланың ауырғанына 1 ай болған. Ол асқазан аймағының ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің болмауына, салмағының төмендеуіне шағымданған.
– Бір сағатқа созылған ота сәтті өтті. Жалпы мұндай жағдайлар баланың қараусыз қалғанынан болады. Кішкентай балалар түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ішке зиянды заттар жиналады. Бұл жағдай баланың өмірі үшін қауіпті болғандықтан, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауларын ескертеміз. Түркістан облыстық балалар ауруханасында хирургиялық көмектер тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетіледі, – деді, облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.