Kazinform мәліметінше, Ордабасы аудандық орталық ауруханасында алғаш рет 89 жасар пациентке жамбас буынын эндопротездеу отасы жасалды.
Науқас 31 қаңтар күні тұрмыстық жарақат алып, жедел жәрдем бригадасымен аурухананың қабылдау бөліміне түскен. Дәрігерлер қарауынан кейін сол жақ жамбас буынына цементсіз биполярлы имплантпен эндопротез отасы жасалды. Ота сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты.
Аурухана дәрігерлерінің жаңа емдеу әдістерін игеруі мен кәсібилігінің арқасында мүгедектік қаупі төнген науқас буындарындағы ауырсынуы жеңілдеп, белсенді өмірге қайта оралады. Бұл жоғары технологиялық операция түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жүргізілді.