Мәзір
Бүгін, 18:12 / JariaLike / Күн-Жария

Ел тарихындағы тұңғыш этносаралық айтыс мәресіне жетті

Айтыс барысында ақындар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, әсіресе заң мен тәртіп қағидаттарының маңызын атап өтті

Ел тарихындағы тұңғыш этносаралық айтыс мәресіне жетті Ел тарихындағы тұңғыш этносаралық айтыс мәресіне жетті
Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, елорда әкімдігінің қолдауымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Алтын шаңырақ» республикалық айтысы өтті.

Айтысқа елге танымал сөз шеберлері қатысып қана қоймай, өз өңірлеріндегі түрлі этнос өкілдерін де өнерге баулып, сахнаға шығарды. Нәтижесінде орыс, неміс, ұйғыр, қырғыз, корей және өзге де этнос өкілдері қазақтың төл өнері арқылы ел бірлігі мен ынтымағын жырға қосты.

Өнер додасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Аманжол Әлтай жүргізді.

Айтыс барысында ақындар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, әсіресе заң мен тәртіп қағидаттарының маңызын ерекше атап өтті. Бұл ұстанымдар жыр арқылы көркем өрнектеліп, көрерменге ой салды.

Қазылар алқасының мүшесі, ақын Серікзат Дүйсенғазиннің айтуынша, елімізде әділетті қоғам құру және заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бұл бағыт Конституцияға енгізілген өзгерістерде де көрініс тапқан. «Бүгінгі айтыста елімізде тұратын 130-ға жуық этностың ішінен 14 этнос өкілі өнер көрсетіп, бірлік пен татулықты жырға қосты. Сонымен қатар заң мен тәртіп тақырыбы да терең қозғалды. Себебі заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық пен даму болады», – деді ол.

Аталған айтыс көпэтносты Қазақстандағы бірлік пен өзара құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Сонымен қатар ұлттық өнер арқылы заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттаудың тиімді алаңы болды.

Бас жүлдені Ирина Новицкая иеленсе, бірінші орын Валерия Цойға бұйырды. Екінші орынды Әнуарбек Садықов пен Ельдана Гаверман бөлісті. Үшінші орын Халида Саметова мен Қанат Хитрукке берілді.

«Бұл – ел тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған айтыс. Этнос өкілдерінің арасында сөз өнеріне бейімі бар, тілдің құнарын сезінетін таланттар өте көп. Әлеуметтік желілерден де көріп отырмыз, көрермендер өнер додасына жоғары баға беріп, жылы пікірлерін білдіруде. Осындай ақындарды қолдауымыз керек. Өйткені олар еліміздің руханиятын биікке көтереді», – деді жоба авторы әрі ұйымдастырушы Бақытжан Қасым.  

Көп оқылды: