Мәзір

Ұлттық сахнаның саңлағы Тілектес Мейрамов

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдығына арналған арнайы айдардың кезекті кейіпкері — Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов. Ұлттық сахна өнерінің ірі тұлғасы актерлік тағдыр, еркіндік, өнердің миссиясы және Қаллеки театры туралы сыр шертеді.

Ұлттық сахнаның саңлағы Тілектес Мейрамов Ұлттық сахнаның саңлағы Тілектес Мейрамов

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойына арналған «Театрлық жазбалар» айдарының кезекті кейіпкері — Қазақстанның халық артисі, ұлттық сахна өнерінің саңлағы Тілектес Уахитұлы Мейрамов.

Қаллеки театрының тарихында Тілектес Мейрамовтың орны айрықша. 2011 жылдан бері ол театр репертуарының көркемдік салмағын арттырған, ұлттық драматургия мен әлемдік классикадағы күрделі образдарды биік кәсіби деңгейде сомдап келе жатқан белді актерлердің бірі.

Аға Абай, Төле би, Науан, Ақсақал, Халифа Алтай сынды рөлдер арқылы ол Қаллеки сахнасының рухани беделін жаңа биікке көтерді.

Актер тағдырының шындығы

Өнер адамынан «сахна сізге не берді?» деп сұрау — оның тағдырына үңілу.

Тілектес Мейрамов бұл сұраққа тосын, бірақ шынайы жауап береді.

«Не бергенін білмеймін. Бірақ нені алғанын айтайын. Театр менің еркіндігімді ұрлады. Бас еркіндігімді де, адами еркіндігімді де…»

Бұл сөз — бір актердің ғана емес, тұтас өнер адамының ішкі драмасы.

«Сахнаның құлы да, патшасы да — актер»

деген көне пайымды ол өмір бойы жанымен сезініп өтті.

Оның айтуынша, театр кейде актерден талант қана емес, мінезін, азаматтық еркіндігін де талап етеді.

«Менің ұтылған жерім — сол. Мен еркіндігімнен айырылдым».

Бұл — ащы шындық. Бірақ дәл осы шындық оның өнердегі адалдығын айқындай түседі.

Қозыдан басталған жол

Тілектес Мейрамовтың актерлік тағдырын ашқан алғашқы рөлі — Қозы Көрпеш.

1971 жылдың 20 қаңтары.

Сол күні оның өмір жолы мүлде басқа арнаға бұрылды.

Өзі айтқандай, бәрі кездейсоқ басталған.

Философия емтиханына дайындалып отырған студентті ұстазы Шолпан Жандарбекова аяқ астынан театрдың көркемдік кеңесіне алып кетеді.

Қар жапалақтап жауып тұрған қысқы күн.

Ескі театрға дейін жаяу барған сол жол — тағдыр жолына айналды.

Сахнаға шығар сәттегі толқу, аузын құрғатқан қобалжу, сол сәтте Әнуар Молдабековтің иығынан итеріп:

«Өнерде батыл болу керек!»

деп жібергені — актер жадында мәңгі қалған.

Осы бір сәт оның сахналық өміріне қамшы болды.

Көп ұзамай оған Қозы рөлі бекітілді.

Сол рөлден басталған жол кейін ұлттық театр тарихындағы үлкен дәуірге ұласты.

Ұлы мектептің мұрагері

Тілектес Мейрамов — қазақ сахнасының алыптарынан тәлім алған тұлға.

А.Тоқпанов, Ш.Жандарбекова, Ә.Мәмбетов, Е.Обаев сынды шеберлер мектебі оның шығармашылық болмысын қалыптастырды.

Ал өзі ерекше құрметпен еске алатын тұлға — Әнуар Молдабеков.

«Менің пірім — Әнуар Молдабеков»

дейді актер.

Бұл сөзде ұстазға тағзым ғана емес, өнер алдындағы адалдық жатыр.

Войницкий: ішкі қасіреттің сахналық шындығы

Тілектес Мейрамов шығармашылығындағы ерекше белес рөлдердің бірі — Дядя Ваня шығармасындағы Войницкий бейнесі.

Бұл рөл — актердің ішкі психологиялық тереңдігін, адамның жан күйзелісін дәл жеткізе алатын шеберлігін айқын көрсеткен образдардың бірі.

Войницкий — сырт көзге сабырлы көрінгенімен, ішкі әлемі күйреуге жақын, өмірінің мәнін жоғалтып алған, кешіккен өкініштің адамы.

Тілектес Мейрамов осы рөл арқылы адам болмысының ең нәзік қатпарларын сахна тіліне айналдырды.

Оның Войницкийі — жай кейіпкер емес, жоғалған уақыттың, айтылмай қалған сөздің, жүзеге аспаған арманның символы.

Сахнадағы үнсіздігі де, сөзі де, жан күйзелісі де көрерменді ойға қалдыратын деңгейге көтерілді.

Бұл рөлдің өзіне сеніп тапсырылуы да оның актерлік ауқымының кеңдігін аңғартады.

Әсіресе, бұл образдың кезінде теңдессіз Әнуар Молдабеков сомдаған рөлдер легімен үндес келуі — Тілектес Мейрамовтың үлкен сахналық мектептің заңды жалғасы екенін дәлелдейді.

Қаллеки сахнасындағы кейіпкерлер

Қаллеки театрына келгеннен кейін Тілектес Уахитұлы театрдың көркемдік қуатын арттырған бірқатар ірі рөлдерді сомдады.

Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – Қарабай;
Е. Жуасбек «Антивирус» – Асан;
Т.Джюдженоглу «Көшкін» – Ақсақал;
Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» – Науан;
М.Әуезов «Абай» – Аға Абай;
Р.Отарбаев «Көлеңкесіз жолаушы» – Әкесі;
Д.Рамазан «Абылай ханның арманы» – Төле би;
Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д Арк» – Кошон;
В.Ежов «Тыраулап ұшқан тырналар» – Лукьянов;
Р.Сейсенбаев «Майдан әндері» моноспектаклі – Садыр;
У.Шекспир «Отелло» – Брабанцио;
Ф.Бордон «Қардағы көгершіннің ізі…» – Ол;
А.Вампилов «Ақ жауын» – Сәкен Тауасаров;
Х.Алтай, Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел» – Халифа Алтай;

Ә.Кекілбаев “Күй” – Жұма би - сынды бейнелер — актердің терең психологиялық, интеллектуалдық деңгейін танытқан образдар.

Ұстаздық биік

Бүгінде Тілектес Уахитұлы сахнамен ғана шектелмей, жас буынды тәрбиелеу ісінде де үлкен миссия атқарып келеді.

Қазіргі таңда ол Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті-нің Күләш Байсейітова атындағы құрылымындағы «Театр және кино, ТД» факультетінің «Актерлік өнер және режиссура» кафедрасының профессоры ретінде қызмет етеді.

Бұл — оның шығармашылық жолының заңды жалғасы.

Сахнада жинаған мол тәжірибесі, орындаушылық мәдениеті мен рөлге деген терең психологиялық талдауы енді жас актерлер мен режиссерлердің кәсіби қалыптасуына қызмет етіп отыр.

Тілектес Мейрамовтың шәкірт тәрбиесіндегі орны — ұлттық театр өнерінің ертеңіне салынған рухани іргетас.

Өнердің миссиясы

Актер үшін өнердің ең басты мақсаты айқын:

«Өнердің қай түрі болмасын ең басты миссиясы — жүрекке жету. Толғандыру. Тебіренту.»

Бұл ұстаным оның бүкіл шығармашылық ғұмырының өзегіне айналған.

Қаллеки театрының 35 жылдық шежіресінде оның есімі сахнадағы кесек образдарымен ғана емес, өнерге деген адалдығымен де жазылып қалды.Тілектес Мейрамов — Қаллеки сахнасындағы кесек тұлға ғана емес, бүгінгі ұлттық театр мектебінің ұстазы, сахна философиясын келесі буынға аманаттап отырған үлкен мектеп.

Көп оқылды: