Мәзір
Бүгін, 03:21 / JariaLike / Руханият

ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ

Мирас Әбіл

ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ

«Қалай?» деген – шеберлік, «неге?» деген – шындық. Шеберлік – адамды таңғалдырады, шындық – толғандырады. Нағыз театр – осы екеуін тоғыстыра алған кезде ғана сахнаға шығады.Классика – қатып қалған мәтін емес, қайта-қайта жаңарып, тіріленіп отыратын идея. Оны сахнаға алып шығу – жай ғана «қою» емес, сөйлету, түйсіндіру, өзектендіру. Өйткені классика – өзі өлмеген дүние, тек бізден дем күтеді. Ол біздің дауысымызбен сөйлегенде ғана естіледі, біздің жанымызбен қозғалғанда ғана сезіледі.Бірақ бізде бұл міндет көбіне шартты тәсілдермен, дайын штамптармен ғана орындалып келеді. Себебі актердің бір бөлігі әлі күнге дейін «былай ойнау керек» деген шаблоннан шыға алмай жүр. Режиссердің бір бөлігі классиканы бүгінгі заманмен қалай сөйлестірудің жолын нақты таппаған. Сыншының бір бөлігі әлі күнге дейін: «дұрыс ойнады – дұрыс ойнамады» деген жұтаң бағадан аса алмай отыр.Классиканы қою – музейде тұрған құнды жәдігерді шыны астына салып қою емес. Классиканы қою – сол жәдігерді тірілтіп, оны бүгінгі көрерменмен тілдестіру. Егер біз классиканы музейдің тас мүсініне айналдырсақ – ол бізге жауап бермейді. Ал егер біз оны жүрекпен сөйлетсек – ол біздің уақытымызға үн қосады.Классиканы қою – диалог. Ол – үш уақыттың арасында жүретін күрделі әңгіме.

Біріншісі – классика жазылған уақыт. Ол – сол дәуірдің тынысы, сол заманның ойы мен күйі.

Екіншісі – қойылым жасалып жатқан бүгінгі уақыт. Бұл – режиссер мен актердің жанды ойы, олардың қазіргі қоғамға айтқысы келген сөзі.

Үшіншісі – көрерменнің қабылдайтын уақыты. Ол – бүгінгі адамның сезімі мен санасы арқылы тірілетін шындық.Міне, осы үш уақыт бір-бірімен сөйлескенде ғана классика сахнада шынайы өмір сүре алады. Егер біреуі үндемей қалса, екеуі мылқау тартады. Тек бәрінің дауысы естілгенде ғана туынды тірі болады.Классика – өткеннің сөзі ғана емес, бүгіннің сұрағы мен ертеңнің жауабы. Сахнадағы классика – уақыттар арасындағы көпір. Оны салу үшін суреткер – тарихты да, бүгінді де, адамды да қатар ойлауы шарт.Тек оқиға желісін сахнаға шығару – «классика қойдым» деуге аздық етеді. Бірақ біз көбіне оны «құдай сөзіндей» қабылдап келдік.«Мәнсіз классика – мүсінге айналады, мәнді классика – адамға айналады». Классика – бір «құдай сөзіндей» қабылданып кеткен. Шекспирді өзгертсең – күнә, Мольерді бейімдесең – қателік, Островскийді еркін сөйлетсең – құрметсіздік Гогольге жаңаша көзқараспен қарасаң – арсыздық. Осы бір сірескен қатып қалғандық бізді батыл қадамнан тежейді. Мысалы, Шекспирдің «Ричард III»-і — билік пен арсыздық туралы трагедия. Ол бүгінгі билік туралы да сөйлей алады. Оған тек батыл көзқарас қажет.

Өнерде форма мен мазмұнның орнын ауыстырып алудан асқан қателік жоқ. Өйткені формадан мазмұн тумайды. Керісінше, мазмұннан форма туады. Егер ішкі өзек болса – оған лайық киім табылады. Ал өзек жоқ болса – ең әдемі киім де бос қаңқаға ғана жарасады.Кейде біз өз уақытымыздағы әділетсіздікті ашық айта алмай жатамыз. Бірақ классиктің шығармасынан сол әділетсіздіктің сұлбасын көріп, соны түсінеміз, тебіренеміз. Демек, ол шығармалар тек архив үшін емес, бүгінгі сана үшін де тірі. Сондықтан да біздің классикаға қайта-қайта оралуымыздың бір себебі — ондағы шындық бүгін де өзгерген жоқ. Тек оның декорациясы мен бейнесі ғана жаңарған.Бүгінде біз сол классиктердің шығармасын сахнаға шығарамыз, бірақ олардың «сол дәуірге арналған» формасын көшіреміз де, мазмұнын түсінуден қалып жатамыз. Мәселе – оны «сақтап қалуда» емес. Мәселе – оны «сөйлетуде». Себебі сақталған нәрсе – музейде тұрады, ал сөйлеген нәрсе – сахнада тіріледі.Мәселе оны «сақтап қалуда» емес, «сөйлетуде». Классика – әулие сөз емес, адам сөзі. Ол бүгінгі адаммен «тіл табысуы» керек. Егер біз классиканы бүгінгі адамға қатысы бар тірі сөз, тірі оқиға ете алмасақ, онда ол сахнада емес, сөреде ғана өмір сүреді.

Көп оқылды: