Мәзір
Бүгін, 11:07 / JariaLike / Руханият

АЛТЫНШЫ СӨЗ

Мирас Әбіл 

(Абайдың қара сөздерінің ізімен)

АЛТЫНШЫ СӨЗ АЛТЫНШЫ СӨЗ

        Театр ұжымдарының көбі, әсіресе жетекшілері, өзін қоғамның көркемдік ар-ожданы ретінде емес, тәртіпке бағынышты құрылымның бір тетігі ретінде көреді. Мұндайда олар өнерді ізгілік, шындық, еркіндік үшін емес – жоғарыға жақсы көріну, бағдарлама орындау, есеп беру, марапат алу үшін қолданады.

        Біздегі театр кеңістігінде – тек театр емес, жалпы мәдениетте – баяғыша басқару, беделге жүгіну, жоғарыдан рұқсат күту, бас шұлғып мақұлдау – бұл әлі күнге дейін «өзін-өзі сақтау инстинкті» секілді өмір сүріп тұр. Көп жетекшілер әлі күнге дейін: «кім не дейді?», «жоғарыдағылар ренжіп қалмай ма?», «енді осы тақырыпты қозғамай-ақ қояйықшы» деген «сақтықпен» жұмыс істейді. Бұл үрей – шығармашылықтың, еркін ойлаудың басты жауы.

        Ал бұл уақытта өмірдің өзі жаңарып жатыр.
        Бүгінгі көрермен – күрделі. Ақпаратқа қанық, көзқарасы алуан, сұрағы көп. Ол сахнадан тек көз жауын алатын декорация мен жалаң шабыт емес – жаңалық, шынайылық, жауапкершілікпен айтылған сөз күтеді. Жаңа өмір салынып жатқан кезде, өнер де жаңарып отыруы шарт.
        Бірақ осы жаңа кезеңге аяқ басу үшін – ескі әдеттерден арылу керек. Беделге сүйеніп сөйлеу – өзіңде ой жоқ дегеннің белгісі емес пе? Ал өнер адамы үшін бұл – қауіпті. Себебі театр – пікір айту орны. Ол тек атқару емес, іздеу, күмәндану, жақсы көру, жек көру, жауап іздеу сахнасы.
        Сондықтан да бұл өткел – ауыр. Бірақ театр оны өткені жөн. Өйткені жаңа дәуірдің рухын – тек батыл, ізденгіш, ойлы театр ғана жеткізе алады. Ал ондай театр беделдің емес, шындықтың тілімен сөйлейді.
          Нағыз театр – билікке емес, уақытқа қызмет етеді. Сол үшін ол мәңгі тірі, сол үшін ол кейде ыңғайсыз.
          Сол үшін ол – өнер.

Көп оқылды: