ІІ-БАСТАМА: КЕУДЕМДЕ
ЖАНҒАН ШЫРАҚТЫҢ ӘНІ
Күн батыра алмаймын, таңды атыpа,
Ақ қағазға алмаймын қол батыра.
Пандық емес, шыным сол, нәндік емес,
Тұрғым келмей кетеді Алматыда.
Ол жақта да қиғаш қас қарындас көп,
Ол жақта да Жұбан көп, Жарылғас көп.
Көкейімнен кетпейтін ауыл жаққа
Ұшып кеткім келіп тұр қарлығаш боп.
Бестөбеден басталған егіс міне,
Алып жатқан дәнді де, тегісті де.
Ақ көйлекі шанқиған шағала боп,
Қона кеткім келеді Жем үстіне.
Ойлануға келдім ғой, ойлануға,
Тойларына келдім ғой, тойларына.
Бензин тасып жүретін май шофермен
Тайып кете берсем бе қойлы ауылға?!
Ауруханам мынау ғой сан ай жатқан,
Сан ай жатып, дерт қалған талай батпан.
Мынау үйім Көпбайдан сатып алып,
Алтынменен асты-үстін «сарайлатқан».
Азды-көпті ісімді халық көрмей,
Жарға жығып Арманым ерік бермей,
Осы үйде алты кітап жазған екем,
Жалғыз жолы баспадан жарық көрмей!
«Мынау сұлу дүниеге ие болам»,
Ие болам деп өмірді сүйеді адам.
Мынау – менің қондыртқан телефоным,
Мынау – менің салдыртқан түйе қорам…
Тәліректеп түзелген тұмса жылым,
Жүрегімде ойнатып жүр сағымын.
Мынау – менің жауса да қанша жаңбыр,
«Бір қандым» деп айтпайтын құм шағылым.
Тұлпарымның мойнынан моншағымды –
Мөлдіретіп төгіппін – сонша жылды,
Сонша жылды сол жерде қалдырғаннан,
Көргім келіп кетеді сол шағылды.
Күн батыра алмаймын, таңды атыpа,
Ақ қағазға алмаймын қол батыра.
Пандық емес немесе, нәндік емес,
Тұрғым келмей кетеді Алматыда.
Ол жақта да Жұбан көп, Жарылғас көп.
Ол жақта да қиғаш қас қарындас көп.
Көкейімнен кетпейтін ауыл жаққа,
Ұшып кеткім келіп тұр қарлығаш боп.