Сахнада шын сөз айтқан — кінәлі. Анығын айтса — «артық кетті» дейді. Көрерменді ойландырса — «қатыгез», «ауыр» дейді. Өтірік күлдірсе — «жақсы қойылым», «жеңіл өтті» дейді. Ақиқатты айтқан актер — «өзін көрсетіп жүр» болады, жылтыраққа жұмыс істеген — «жұлдыз» атанады. Шындық іздеген режиссер — сынға қалады, ал сын көтермейтін спектакльдер — қошеметке бөленеді. Өйткені сахнаға да қоғамның дерті жұққан. Шын өнердің емес, шын ықыластың емес, шын тамырдың емес — шын тамырласқан мақтаудың заманы келген.
Бүгінгі өнердегі «болыс» — атақ, «кандидат» — тренд.
Көрермен кейде ойлы дүниеден гөрі — жеңіл күлкіні, жеңіл ырғақты, жарқ-жұрқ еткен қойылымды қалайды. Өйткені ой — ауыр, терең. Содан сахнада епті режиссерлер көбейеді. Шын қойылым емес — жарнамаға жарайтын жобалар пайда болады.
Өнердің емес, өтімділіктің заманы туған шақта — өнерді де қорғау керек.
Қазір сахнада да би көбейіп кеткен. Бір қойылымда үш режиссер, бес кеңесші, он талғам бар. Әркім өзінікін дұрыс санайды.
Режиссура — билік. Көрермен — даугер. Театр — сот.
Сондықтан сахнадағы төрелікке де үш-ақ би жетер: бірі – форма, бірі – мазмұн, бірі – рух. Бірақ ең бастысы — үшеуі де шындыққа адал болсын. Сонда ғана спектакль — бітімге айналады.