Мәзір
Бүгін, 02:59 / JariaLike / Руханият

ҮШІНШІ СӨЗ

Қазір сахнада жаңашылдықтың көп болмағының, бірақ жаңарудың аз болмағының; форманың көбейіп, мазмұнның азайып бара жатқанының; сөздің көбейіп, салмақтың жоғалып бара жатқанының; көзге әсерлі дүниенің көбейіп, көңілге әсерлі дүниенің сиреп бара жатқанының себебі не?

ҮШІНШІ СӨЗ ҮШІНШІ СӨЗ

Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір көрініске құмар режиссер — форма қуғыш келеді; әрбір форма қуған — мазмұннан айырылады; мазмұннан айырылған — жеңіл сөзге, жасанды пафосқа құмар болады; жасанды пафос — жүректен шықпайды; жүректен шықпаған сөз — жанға жетпейді; жанға жетпеген сөз — өнер емес, әрекетке айналады.

Мұның бәрі мазмұнға бойламай, сыртқы көріністі көбейтумен ғана шектелгендіктен осылай. Егер режиссер шын мәнінде ойды тереңдетіп, сөз бен сезімге үңіліп, адам болмысына барса, жаңару формадан емес, ішкі сападан басталар еді.

Әрбір сахналық шешімнің түпкі өзегінде ой жатпаса, жарық — тек көзқамты, пластика — құр қимыл, декорация — сыртқы сұлулық қана болып шығады.

Өнерді тек әсемдік үшін жасайтындар сахнаны жарқыратып, көрерменді тамсандырмақ, өздері мақтау естіп, қошеметке бөленіп отырмақ. Бірақ өнердің шынайы мақсаты — сол әсерден кейін туатын ойда, жанның бір сәтке аялдап, тереңге бойлауында.

Ойы тарлық қылса, сахнада «қызық болсын» деп құр форма іздейді, «жарнама болсын» деп жылтыраққа жармасады. Ұзақ із қалдырар терең ойдың орнына, бүгін ұнап, ертең ұмытылатын әсермен шектеледі. Өйткені мақсат — көрерменнің көңілін табу ғана, көкірегін ояту емес.

Көркемдік — көрінуге емес, көрерменнің көкірегін түртуге қызмет етуі керек. Спектакль аяқталған соң залда үнсіздік орнаса — ол жетістік.

Бүгінгі сахнада сөз жетерлік, бірақ салмақ кем. Актер сахнаға шығады, кейіпкер емес. Айтып тұрғаны — өзі, сезіп тұрғаны — жоқ. Шындықтың емес, жатталған сөздің елесі. Бұдан көрермен не түйсін? Шын кейіпкердің шындығын сезінбеген соң, сахна мен залдың арасында сенім қайдан болсын?

Әркім көрерменнің көңілін аулап, көңілден шығуға тырысады, бірақ шындық іздеуге тырыспайды. Көрермен үнсіз отырса екен дейміз, біз де оның ойын бұзбайық дейміз. Бірақ сахна — тыныштық емес, сұрақ қоюшы. Егер бәрі жауап беруге ұмтылса, сахна — үгітке, өнер — үкімге айналады. Ал өнердің тегі тыныштық емес — дерт пен дауаның арасында жататын жан айқайы еді.

Үгіт — өнердің тілі емес. Бірақ қазір сахнада соны ұға алатын ой иелері аз. Режиссердің ойсыздығы қойылымды ойнаққа айналдырады. Қазіргі жұрт ойланудан қажыған. Көңілі шаршаған. Тіпті үміттің өзінен де талған. Сондай жанның ішіне жарық түсірмесе, сахна не үшін керек?

Сол себепті режиссер — жарық болсын. Бірақ көңіл жұбататын емес — көкірекке шындықты мойындатар жарық. Қараңғылықты ұмыттыратын емес — қараңғылықты мойындататын жарық. Сонда ғана сахнадан шыққан адам өз ішіне үңіледі. Ішіне үңілген жан — іштей тазарып, өзгереді. Өзгерген жан — қоғамды өзгертеді. Сонда театр қоғамның сыртқы кейпін ғана көрсететін айна болмайды, адамның ішкі рухын маздататын шыраққа айналады. Әйтпесе сахна да — сауданың, өнер де — үгіттің құралы болып қалады.

Сахнаға ойы терең, өнердің тілі мен тарихын білетін, заманмен ғана емес — уақытпен тілдесе алатын режиссер керек. Форманы емес — мазмұнды білетін, жаңалықты емес — жаңашылдықты білетін адам керек. Сонда ғана сахна шын жаңарады.

Мирас Әбіл

Көп оқылды: