Алматыдағы әл-Фараби даңғылында қоғамды дүр сілкіндірген жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу амалдары енді ғана басталды. Апат салдарынан қаза тапқан Mercedes жүргізушісінің артында 6 жасар баласы қалды. Stan.kz марқұм 29 жастағы ер адамның отбасының адвокаты Олег Черновпен тілдесіп, қылмыстық іске қатысты жаңа деректерді сұрап білді.
Адвокаттың ақпаратына сәйкес, марқұмның ата-анасы, бауыры, қарындасы бар және артында 6 жасар ұлы қалған. Олег Чернов бұл жағдайды тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның трагедиясы деп бағалады.
Олег Чернов қазір іс соталды тергеу кезеңінде болғандықтан, нақты ақпарат әлі аз екенін жеткізді. Дегенмен, бірқатар сараптамалар тағайындалып, қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу туралы өтініштер берілген.
“Тарап өкілі Zeekr автокөлігінің нақты қозғалыс бағытын анықтау үшін барлық бейнебақылау камерасындағы жазбаларды жинау қажет. Сондай-ақ күдіктінің банктік операциялары да тексерілмек”, – дейді ол.
Сондай-ақ күдіктінің алкоголь сатып алған-сатып алмағанын анықтау үшін оның банктік шоттары бойынша үзінді көшірмелер сұратылған. Оның айтуныша, Zeekr жүргізушісі Александр Пактың 1,3 ppm мас болғаны белгілі болды деген ақпарат бар. Дегенмен мұны анықтау үшін нақты сараптама қажет.
“Әзірге нақты расталмаған мәлімет бойынша, ол демалған көңіл көтеру орнында сол түнгі бейнежазбалар болмай шықты. Бұдан бөлек, күдіктінің телефон нөмірі бойынша қоңыраулар тізімін және базалық станциялар арқылы оның кіммен сөйлескенін анықтау қажет. Банктік деректер оның әрекетінің себебін түсінуге көмектеседі, яғни ол не себепті өзін еркін ұстап, жауапкершіліктен қорықпады”, – деді ол.
Оның сөзінше, күдіктінің әрекеті қалыпты жағдайға сай келмейді. Әдетте мас күйінде көлік жүргізген адам көзге түспеуге тырысса, бұл жағдайда жүргізуші керісінше, полициядан қорықпай, агрессивті түрде жылдамдықты асырған.
Сондай-ақ жәбірленуші тарап жол апатына қатысты кешенді сараптама жүргізуді талап етіп отыр. Бұл сараптама соққының күшін, көліктің жылдамдығын және апаттың нақты себептерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, күдіктінің кейінгі бір жылдағы жүргізушілік тарихын зерттеу жоспарланған.
“Күдікті ірі кәсіпкер”
Олег Чернов күдіктінің ірі кәсіпкер екені жайлы ақпаратқа пікір білдіріп, істің қоғамдық маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір “істің жабылу” қаупі туралы айту ерте, алайда қандай да бір күмәнді әрекеттер болса, жәбірленуші тарап үнсіз қалмайды.
“Қоғамдық резонанс бәсеңдесе де, біз істің толық әрі әділ тергелуін талап етеміз. Тергеудің созбалаңға салынуына жол бермейміз” – деді ол.
Бүгінде күдікті Александар Пак ауруханада жатыр. Адвокат оның жағдайы тұрақталып келе жатқанын, жақын арада изоляторға ауыстырылуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар ол күдіктінің қашып кету ықтималдығын жоққа шығарды.
Жәбірленуші тарап сот процесінің ашық өтуге тиіс деп санайды.
“Қоғам жол-көлік оқиғаларынан шаршады, адамдар ережелерді елемей, жылдамдықты асыру өлімге әкеп соғуы мүмкін екенін біле тұра, мас күйінде көлік тізгініне отырады. Сондықтан бұл іс өзгелерге сабақ болуға тиіс, жауаптылар міндетті түрде жазасын алуы қажет”, – деді ол.
“Күдікті 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін”
Қазір іс Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша қаралып жатыр, бірақ ол 345-1-бапқа (мас күйінде көлік жүргізу) ауысуы мүмкін. Екі жағдайда да жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Олег Чернов күдікті кінәсін мойындамаған жағдайда ең қатаң жаза тағайындалуы мүмкін екенін түсіндірді. Ал кінәсін мойындап, өтемақы төлесе, жаза жеңілдетілуі ықтимал. Дегенмен, мұндай істерде татуласу арқылы жауапкершіліктен толық босату қарастырылмаған.
“10 жыл адам өлімі үшін тым жеңіл жаза”
Адвокаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заң нормалары мұндай ауыр салдарға сай келмейді. Ол адам өліміне әкеп соққан жол апаттары үшін қарастырылған жаза тым жеңіл деп есептейді. Маман қоғамдағы наразылықтың орынды екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл іс тек құқықтық емес, әлеуметтік мәселені де айқын көрсетіп отыр.
“10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігіне сәйкес емес. Экономикалық қылмыстардың өзінде осындай мерзім қарастырылған, бірақ ол жерде адам өмірі қиылмайды. Ал мұнда – өлім”, – деді ол.
Бүгінде күдікті ауруханада жатыр. Адвокат оның жағдайы тұрақталып келе жатқанын, жақын арада изоляторға ауыстырылуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар ол күдіктінің қашып кету ықтималдығын жоққа шығарды.
Тергеу барысына қатысты ол соталды кезең шамамен екі айға созылуы мүмкін екенін жеткізді.
“Комиссиялық сараптамалар – істің негізгі дәлелдемелік базасы. Сондықтан оларды толық әрі сапалы жүргізу үшін уақыт керек”, – деді адвокат.
“Сергек” тек құқықбұзушылықты тіркейді”
Олег Черновтің сөзінше, қазіргі жүйе құқықбұзушылықтың алдын алудан гөрі, оны кейін тіркеумен ғана шектеліп отыр.
“Сергек” камералары заңбұзушылықты тек болғаннан кейін тіркейді. Ал жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершілік айыппұлмен шектеледі. Қарапайым адам үшін бұл ауыр тиеді, ал жағдайы бар адамдар үшін бұл – жауапкершіліктен “құтылудың” бір жолы”, – дейді маман.
Ол дәл осы себептен жолдағы тәртіпке қатысты жүйелі өзгерістер қажет екенін алға тартты. Өйткені қазіргі жағдай құқықбұзушыларды толық тоқтатуға жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Адвокат бұл істен кейін Ішкі істер министрлігі, прокуратура және өзге де құзырлы органдар заңнамаға өзгерістер енгізуі мүмкін деп есептейді. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі қарастырылуы ықтимал.
Узабаевқа қатысты іс бөлек тергеліп жатыр
Ал Полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Узабаевқа қатысты да қылмыстық іс тергеліп жатыр. Адвокаттың айтуынша, ашық деректер бойынша ол қамауға алынған. Алайда бұл іс жол апатына қатысты тергеумен біріктірілмейді.
“Бұл екі бөлек іс. Жол апатын Полиция департаменті тергеп жатыр, ал қызметкерге қатысты істі Алматы қаласының Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қарап жатыр”, – деді ол.
Сондай-ақ адвокат басшының жүргізушісі үшін жауапкершілігіне құқықтық бағаны тергеу органдары беретінін айтты. Оның сөзінше, мұнда қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралуы мүмкін.
Жол апаты туралы
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.