«Шідер» детектив-драмасының премьерасы 15, 16 сәуір күндері Алматы қаласында өтпек.
Бұл Қазақстандағы алғашқы детектив-драма. Шығарма дәстүрлі театралдық үлгіден тыс, заманауи постдрамалық театр стилінде ұсынылады деп хабарлайды шығармашылық топ. Авторы: Бақытжан Қаратегі. Инсценировка авторы: Мирас Әбіл. Режиссері: Әлібек Өмірбекұлы.
Қазақстан театр тарихында барлау операцияларын сахналайтын алғашқы туындыда бар жоғы екі актер ойнайды. Қосан рөлінде танымал театр және кино актері – Ержан Нұрымбет, Ақжан рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Айнұр Болат сомдайды.

«Бізді ешкім байлаған жоқ. Бірақ тағдыр бізді шідерлеп тастады. «Шідер» – адам тағдыры барлау қызметінің тылсым заңдарына тәуелді болған сәттен басталатын махаббаттың тарихы. Бұл әлемде атын өзгертуге болады, өмірді өшіруге болады, бірақ жүректі өшіру мүмкін емес. Қосан мен Ақжан бір-біріне қарай жүреді, бірақ олардың жолдары ешқашан түйіспейді. Өйткені олардың арасындағы жол құпиямен жабылған.»
Қойылым режиссері STEPPE-ге берген сұхбатында «Шідер» спектаклінен көрермен қандай ой мен түсінік алады деген сұраққа былай деп жауап берген: ««Шідер» – ең үлкен таңдау алдында тұрған адамдар туралы қойылым. Кейіпкерлердің шешімдері арқылы біз тәуелсіз ұлт ретінде қалыптасқан тарихтан бастап, қарапайым өмірден тұтқынға алынған өмір жолын көрсетеміз. Бұл тек біздің ұлтқа ғана қатысты емес, адамзатқа арналған ой. Хаосқа толы заманда біз бір-бірімізді қалай шілерлеп отырмыз? Бәлкім, қазіргі заманның шідерінің бірі — ақпараттық кеңістік те шығар. Менің шабыт көзім — Бақытжан Қаратегі жазған шығарманың өзі, адам тағдыры мен оның күрделі шешімдері.»

Ал, Шідер спектаклі мен әйгілі Dior музасы атанған қазақ қызы Алла Елшінді не байланыстырады?
Алла Елчун – Christian Dior таңдаған модель, әлем сән тарихындағы қазақ қызы ретінде із қалдырған аңыз тұлға. Атақты сәнбикенің фото-портреттерін көргеннен кейін, қызығушылық танытатын оқырман жетерлік. Ол сұлулық пен ішкі еркіндіктің символы. «Шідердегі» бас кейіпкер Алла Елшіннің прототипі. Сол сұлулықтың сахнадағы жалғасы секілді. Екеуінің де әлемі құпия және тылсым. Сонымен Dior музасы мен «Шідер» қойылымындағы кейіпкерлердің бір-біріне қандай қатысы бар? Жауабын спектакльден бірге табайық...