Түркістан облысында өрт болып, 9 бала мен 3 ересек адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 18 қарашада таңертең Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында болған. Өрт үлкен қайғылы жағдайға себеп болды. Үш адам ес-түссіз күйінде эвакуацияланып, дәрігерлерге жеткізілді. Барлығы 12 адам қаза тапты.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде тұрғын үй толықтай отқа оранып тұрғаны анықталды. Көршілердің айтуынша, үйде қонақтар болған. Алдыңғы күні үй иелері бір шара тойлаған. Сондықтан көптеген адам түнеп қалған. Ал балалар омбудсмені Динара Закиева үйде екі отбасы болғанын жеткізді.
Өрт 360 шаршы метр аумақты қамтыған, қазір толық сөндірілді. Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажет көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.