Әлеуметтік желіде Назарбаевтар әулетінің Шамалған ауылындағы зиратында жаңа қабір пайда болғаны туралы ақпарат пен суреттер тарады, деп хабарлайды Jarialike.kz Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
БАҚ бұл қабірге жуырда Сара Назарбаева жерленді деп болжаған еді. Осыған байланысты редакция Қарасай ауданының әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Әкімдік өкілдері Шамалған ауылындағы Назарбаевтар әулетінің зиратында 2024 жылдың желтоқсан айында қайтыс болған басқа адамның жерленгенін мәлімдеді.
Жерлеу рәсімі діни дәстүрлер мен жөн-жоралғыларға сай жүргізілді. Қазір қабірде жазулар мен көрсеткіш тақтайшалар жоқ. Алайда, марқұмның туыстарының айтуынша, жақын арада қабіртасты орнату жоспарланған, – делінген әкімдіктің жауабында.
Сонымен қатар Президент іс басқармасы медициналық орталығының Ұлттық госпиталі Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін қайта растады.
Еске салайық, бұған дейін Сара Назарбаеваның Ұлттық госпитальде ауыр халде жатқаны хабарланған еді. Кейіннен Ұлттық госпиталь Сара Назарбаеваның сырқатына қатысты пікір білдірген. Аурухана пациенттің диагнозына, денсаулық жағдайына, емдеу әдістеріне және нәтижелеріне қатысты басқа ақпаратты, медициналық құпияны негізге ала отырып, жария етпейтінін мәлімдеген.