Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себептерін түсіндіріп, қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттық хабарлама жариялады, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Ұлттық банк мәліметінше, АҚШ президенті әкімшілігінің бірқатар саяси шешіміне байланысты жаһандық қаржы нарықтарында құбылмалылық күшейген. Сонымен қатар мұнай бағасы да айтарлықтай арзандаған.
"Қара алтынның" бағасы 2025 жылғы 7 сәуірдегі жағдай бойынша бір апта ішінде (31 наурыз бен 7 сәуір аралығында) 14,1%-ға төмендеп, барреліне $65-тен төмен түсті. Бұл – кейінгі төрт жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Мұнай өндірісіне қойылған шектеулерді тез арада алып тастауға қатысты ОПЕК+ ұйымының бұған дейін қабылдаған шешімі және Азия елдеріне барлық мұнай маркасының бір баррелін $2,3-ке төмендететіні туралы Сауд Арабиясының мәлімдемесі мұнай бағасына қосымша қысым түсірді. Осылайша, баға 2022 жылғы қазаннан бері айтарлықтай төмендеді, – делінген ресми хабарламада.
Мұнай бағасының құлдырауына байланысты дамушы нарықтар мен шикізатқа негізделген экономикалардың валютасы әлсіреп жатыр. Мысалы, Оңтүстік Африка ранды 7,3%-ға, Ресей рублі 3,8%-ға, Бразилия реалы 3,5%-ға, Индонезия рупиясы 1,5%-ға, ал Мексика песосы 1,1%-ға арзандаған.
Жаһандық нарықтардағы құбылмалылықтың артуы мен негізгі экспорт тауарлары бағасының теріс динамика беруінен 7 сәуір күні KASE саудасында теңгенің биржадағы бағамы 1 АҚШ долларына 519,12 теңгені құрап, алдыңғы сауда күнінен бері 2,7%-ға әлсіреді (бір апта ішіндегі әлсіреу көрсеткіші – 2,9%). Ұлттық валютаға сыртқы факторлар, соның ішінде әлем бойынша тәуекел-сентименттің нашарлауына байланысты бейрезиденттердің шетел валютасына деген сұранысы артқаны ықпал етіп отыр, – делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.
Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, қажет болған жағдайда, айырбас бағамын тұрақсыздандыратын шамадан тыс құбылмалылыққа жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.