Мәзір
28 ақпан, 2025 / JariaLike / Аймақ

Каспийдің деңгейі шамамен 25 жылда қайта көтеріледі — геолог

Теңіздің кері қайту процесі соңғы рет 2001 жылы басталған.

Каспийдің деңгейі шамамен 25 жылда қайта көтеріледі — геолог Каспийдің деңгейі шамамен 25 жылда қайта көтеріледі — геолог
Фотосурет Inbusiness.kz сайтынан

Kazinform дерегінше, ақтаулық геолог Қосарбай Қожахмет теңіздің тартылуы қалыпты жағдай екенін айтады. Табиғи тербеліс бойынша судың деңгейі 50 жыл жоғарылап, 50 жыл кері кетеді.
Теңіздің кері қайту процесі соңғы рет 2001 жылы басталған. 
— Каспий 50 жыл жоғарылап, 50 жылда кері кетіп тербеліс болып тұрады. Қазіргісін тоқтата алмаймыз. Оған құятын суымыз жоқ. Бұрынғы құйып тұрған су аз келіп жатыр ма, бұрынғыша ма — оны да айта алмаймыз. Себебі, ақпарат жоқ. Еділ мен Жайықтан келетін су Каспийге құятын дариялардың 88 пайызын құрайды. Басқа да кішігірім өзендерден су құйылады. Теңіздің деңгейі 1999-2001 жылдары көтеріліп, ең биік деңгейге жетті. Ал, 1985-1988 жылдары Каспийдің Иран беті көтерілді, оны көзіммен көрдім. Бірақ, 2001 жылдан бастан кері қарай қайтып жатыр, — дейді профессор. 
Демек, теңіз суының тартыла бастағанына 24 жыл болған. Маманның пікірінше, Каспий әлі де сонша жыл кері кетуі мүмкін. 
— Океанология институтының мәліметіне сүйенсек 1935 жылдан бастап теңіз деңгейі төмен кете бастады. 1977 жылы төмен кетуі тоқтады. Осы аралықта теңіз деңгейі шамамен 3 метрге жуық төмен түсті. 1977 жылдан бастап теңіз деңгейі көтерілді, яғни 2001-2002 жылдарға дейін шамамен 3,5 метрге дейін көтерілді. Ал, 1994 жылдан бері теңіз жөнінде мәлімет жоқ. Себебі, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген, — дейді Қосарбай Қожахмет. 
Каспий теңізі 3 бөліктен тұрады. Солтүстік бөлігі — Түпқарағанның солтүстік беті, орталық бөлігі — Красноводскіден Әзербайжанға дейінгі аралық, мұнда теңіз астында Абширон таулары бар. 
Ал, үшінші бөлігі Оңтүстік Каспий деп аталады. Бұл Абшероннан Иранга дейінгі аумақ, ең терең жері — 1025 метр. Кейбір жазылған жұмыстарда оны Оңтүстік Каспий ойпаты деп те атайды.
Маманның зерттеулеріне сүйенсек, Абширон тауларындағы балшық жанартауларының қозғалысы Каспий теңізінің деңгейіне тікелей байланысты. 
— Абшерон таулары дейміз, мына Әзербайжан мен Түрікменстан аумағында теңіздің астында тау бар. Сол тауда жанартаулар бар. Олар ақырын қозғалып, арасында атқылап тұрады. Қатты атқыламайды бірақ. Яғни теңіздің астында қозғалыс бар. Жер сілкінісі болғанда теңіздің асты көтерілуі мүмкін. Сол қозғалыс қаттырақ болса, судың деңгейі көтеріледі, — дейді маман.
Геология және минералогия ғылымының кандидаты, профессор Қосарбай Қожахмет 45 жылдан бері Арал мен Каспий теңіздерінің геологиясын зерттеп келеді.
Айтуынша, Каспийді тек экологиялық тұрғыда емес, теңіздің геологиясын, тектоникасын, гидрогеологиясын, физика, химия және биологиялық тұрғыда түгел зерттеу керек. 
— Мәселені кешенді қарау керек. Мысалы 50-жылдары геологиялық барлау жүргізіліп, 1961 жылы теңізде мұнай бар екені белгілі болды. Сонымен ғана шектелдік. Ал, теңізде мұнайдан басқа да байлық жеткілікті. Сондықтан институтты жедел құру қажет. Үйренетіміз көп. Оны үйренген кезде бұл теңіз елдің игілігіне жарайды. Бұл мұнайдан кем емес. Халыққа жұмыс беру үшін өндіріс көздерін іздеп жатыр ғой, мысалы жапондар теңіздің арқасында елін бағып отыр. Біздің теңіздің де байлығы жетеді. Бірақ, өкініштісі әлі күнге зерттелген жоқ, — дейді профессор Қосарбай Қожахмет. 
Геологтың айтуынша, теңізде түрлі химиялық элементтер мен минералдар баршылық. Мысалы  йод бром, түрлі содалар. Мысалы килька балығының ұнын өндіруге болады. 
— Қазір теңіз мұнай өндірісінің уысына түсіп қалып тұр. Қазақстан теңізден мұнай ғана алып жатыр. Экологиясына дұрыс қараса ештеңе болмайды. Сондықтан экологтарға, ғылымға жол беру керек, — дейді маман. 
Геолог теңізді зерттеу институтын Ақтау қаласындағы бірден-бір жоғары оқу орны — Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінен ашуды ұсынды.
Себебі, дайын мамандар мен жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстар бар. 
— Университетте соңғы 3 жылда ғылыми зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Негізінен теңіз суы деңгейінің тартылу себептерін зерттеу, анықтау сияқты экологиялық бағыттағы зерттеулер. Ал, теңіздің байлығы туралы әзірше жұмыс жоқ. Ғылыми жұмыстарды қолдау соңғы 3-4 жылда ғана басталды ғой. Дегенмен жеткіліксіз, — дейді ғалым. 
 

Көп оқылды: