Президент Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар жазасын өтеп жатқан әйелдердің мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Мемлекет басшысы бұл мәселені белгілі адвокат Айман Омарова көтеріп, хат жолдағанын айтты.
Ол өз хатында күрделі тақырыпты қозғап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударды. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті, – дейді ол.
Президент адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, "Заң мен тәртіп" қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын деді.
Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек, – деп мәлімдеді Тоқаев.