Мәзір
Бүгін, 03:14 / JariaLike / Саясат

Трамп Алькатрасты қайтадан түрмеге айналдырмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп Алькатрас түрмесін қайта ашу үшін 152 миллион доллар сұрады. Туристік нысанды қайтадан түрмеге айналдыру туралы ұсыныс бюджет жобасына енгізілген.

Трамп Алькатрасты қайтадан түрмеге айналдырмақ Трамп Алькатрасты қайтадан түрмеге айналдырмақ
Сурет: depositphotos.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Алькатрасты қайтадан жұмыс істейтін түрме ретінде іске қосу үшін 152 миллион доллар сұрап отыр, деп хабарлайды Jarialike.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

2025 жылы Трамп Сан-Франциско шығанағындағы танымал туристік нысанды қайтадан түрмеге айналдыруды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс Ақ үй жариялаған 2027 қаржы жылына арналған бюджет жобасына енгізілді. Әдетте мұндай шығындар туралы өтінімдерді Конгресс заң шығарушылары ұсыныс ретінде қарастырады.

Бюджетте Алькатрасты «заманауи күзетілетін түрме кешеніне» айналдырудың алғашқы жылына қажетті қаражат Федералдық түрмелер бюросына сұратылған. Айта кетейік, бұл нысан 1969 жылы жабылып, кейін Ұлттық парктер қызметінің қарамағына өткен.

Мамыр айында Трамп әлеуметтік желілерде Түрмелер бюросына, АҚШ Әділет министрлігіне және басқа да ведомстволарға «Алькатрас түрмесін кеңейтілген және қайта жаңғыртылған күйде қайта ашып, Американың ең қатыгез әрі қауіпті қылмыскерлерін ұстауды» тапсырғанын мәлімдеген.

1934 жылы ашылған Алькатрас АҚШ-тағы ең қауіпсіз түрме ретінде танылған. Оның аралда орналасуы, мұздай суы мен қатты ағыстары қашып кетуді іс жүзінде мүмкін емес еткен. Ресми түрде бірде-бір сәтті қашу дерегі тіркелмеген, алайда бес тұтқын «із-түссіз жоғалып, суға кеткен болуы мүмкін» деп есептеледі.

АҚШ маршалдар қызметі өз сайтында Алькатрастан қашқан үш тұтқынның фотосуреттерін жаңартқан. Қашқындардың келбеті нейрожелілер арқылы қартайтылған. Оларға берілген қамауға алу ордері тек 100 жасқа толғанда ғана күшін жояды, сол уақытқа дейін оларды іздестіру ресми түрде жалғасады.

Алькатраста кезінде Аль Капоне мен Джеймс «Уайти» Булджер сияқты белгілі қылмыскерлер отырған.

Федералдық түрмелер бюросының мәліметінше, түрме оны ұстауға кететін шығындардың тым жоғары болуына байланысты жабылған. Оны күтіп ұстау өзге федералдық түрмелерге қарағанда шамамен үш есе қымбат болған.

Көп оқылды: