Қазақ киносының алтын қорына айналған Қыз Жібек фильміндегі камзол жарты ғасырдан кейін қайта жарыққа шыққанда, оның астында көмулі жатқан бір тағдыр да қоса ашылды. Қазақ көрермені экраннан ғана көріп келген сұлу әлемнің ар жағында үнсіз көтерілген ауыр өмір жатқанын енді аңғарғандай.
Қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешова бүгінде Астанада пәтер жалдап тұратыны белгілі болған сәтте жұрт дүр ете қалды. Әлеуметтік желіде кезінде берілген пәтерлер, өткен өмір, сатылған үйлер туралы жарыса жазылды. Бірақ сол үйлердің не үшін сатылғанын, қандай қасіретті күндерде қолдан кеткенін көпшілік біле бермейді.
Айтылған деректерге қарағанда, актриса баспанасын ауыр дертке шалдыққан қызының емі үшін сатуға мәжбүр болған. Бұл уақытта жары, қазақ киносының Төлегені — Құман Тастанбеков өмірден өткен еді. Бірақ соған қарамастан Меруерт Өтекешова ешқашан ел аралап мұңын шақпады, көмек сұрамады, тағдырын саудаға салмады. Бар қайғысын ішіне жұтып, тектілігін сақтап қалды.
Көпшілік пікірінде бір ой жиі айтылады: Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» рөлін ойнаған жоқ, ол экранға қазақтың өзін алып шықты. Оның жанарындағы тазалық пен бойындағы табиғи қазақылықты ешкім қайталай алмайды.
Камзолдың қайта оралуы актрисаның тағдырына қоғам назарын аудартты. Бұл оқиғада продюсер Баян Алагөзова есімі де жиі аталады. Көпшілік оның Меруерт Өтекешоваға құрмет көрсетіп, қолдау білдіргенін алғыс сезімімен қабылдады. Әлеуметтік желі қолданушылары Баян Алагөзованың актрисаға баспана сыйлауға уәде бергенін, бағалы сыйлықтар табыстағанын жазуда.
Жұрт арасында «Қыз Жібек» пен Төлегенге ескерткіш орнату керек деген пікір де күшейді. Себебі бұл фильм — жай ғана кино емес, қазақ мәдениетінің паспортына айналған туынды. Ондағы махаббат — тұтас ұлттың эстетикасы мен рухани болмысының символы.
Бүгінде қоғамды толғандырған басты сұрақтың бірі — неге біз тірі аңыздарымыздың қадірін дер кезінде біле бермейміз?