Мәзір
Бүгін, 02:52 / JariaLike / Олай емес…

ПИТТА – сахнаның ішкі оты

Питта – өзгеріс пен энергияның символы. Бұл жазбада театрдағы эмоциялық температура, актердің ішкі жалыны мен сахналық қақтығыстың табиғаты Питта ұғымы арқылы талданады.

ПИТТА – сахнаның ішкі оты ПИТТА – сахнаның ішкі оты

Питта — от пен судың қосындысы. Ол өзгеріс, қуат, темперамент, ерік, түйсік пен ішкі трансформацияға жауап береді. Адам бойындағы шешім қабылдау, әрекет ету, күйіп-жану секілді қасиеттердің өзегі – осы Питта.

Ал театрда Питта — сахнаның ішкі оты.

Бұл — актердің іштен жануы. Кейіпкердің үнсіз тұрып-ақ бүкіл кеңістікті кернеуге толтыруы. Сахнадағы шынайы қақтығыс дәл осы энергиядан туады. Өйткені театр тек қозғалыстан емес, ішкі температурадан құралады.

Питта бар жерде қарсылық бар. Күрес бар. Ашық айтылмаған ыза, тежелген айқай, жүректе тұнған шындық бар. Актер кейіпкердің сөзін ғана емес, оның күйігін де алып шығады. Кейде бір көзқарас, бір үзіліс, бір демнің өзі сахнадағы барлық мәтіннен күшті болуы мүмкін.

Театрдағы Питта — катарсистің бастауы. Көрерменді селт еткізетін де, ішкі әлемін төңкеретін де — осы от. Егер спектакльде Питта болмаса, ол салқын ақылға ғана құрылған көрініске айналады. Ал нағыз театр көрерменнің жанын қозғауы керек.

Актердің ең үлкен қаупі — осы оттың өзіне күйіп кетуінде. Себебі сахнада шын жанған адам ғана шын әсер қалдырады. Бірақ сол жалын оның өзін де шаршатады, іштен қажытады. Сондықтан Питта — тек күш емес, жауапкершілік.

Режиссер үшін Питта — спектакльдің ритмі. Оның қай жерде күшейіп, қай жерде басылатынын сезіну — сахналық композицияның ең нәзік заңдылығы.

Театрдағы ең үлкен шындық — эмоция емес, эмоцияның температурасында. Ал сол температураны ұстап тұрған — Питта.

Көп оқылды: