Мәзір
Бүгін, 17:17 / JariaLike / Руханият

Алматыны дүр сілкіндірген «Шідер» көрерменді ойға батырды

Алматыда өткен «Шідер» спектаклі көрермен мен зиялы қауым арасында үлкен талқы тудырды. Қоғам белсенділері, журналистер мен қаламгерлер қойылымға жоғары баға берді.

Алматыны дүр сілкіндірген «Шідер» көрерменді ойға батырды Алматыны дүр сілкіндірген «Шідер» көрерменді ойға батырды

Алматыда өткен «Шідер» спектаклі көрермен жүрегін ғана емес, қоғамдық ой кеңістігін де дүр сілкіндірді.

Қойылымнан кейін әлеуметтік желіде театрсүйер қауым, журналистер мен қаламгерлер өз әсерлерін жарыса бөлісті.

Қоғам белсендісі Айгүл Жұмаділ Facebook парақшасында қойылым туралы әсерлі пікір қалдырды.

«„Шідердің“ премьерасына бардық. Ә дегендегі кавер нұсқадағы „Қара бауыр қасқалдақ“ бойды шымырлатып, ойыңды үлкен оқиғаға дайындайды. Шашылып қалған ауылдай, сахнада шашылған құрт – спектакль соңына дейін жүрегіңе маза бермейді…»

Оның айтуынша, басты рөлдердегі Айнұр Бермұхамбетова мен Ержан Нұрымбет сахнада актерлік шеберліктің нағыз мастер-класын көрсетті.

«Ақжан рөліндегі Айнұр мен Қосан рөліндегі Ержан — сұмдық тандем. Алматы табыстырған қос ғашық, ел мүддесіне айырбасталған армандар, тілі жоқ, бірақ үні бар махаббат...»

Айгүл Жұмаділ спектакльдің символдық әлеміне ерекше тоқталып, сахнадағы құрт бейнесін ұлт тағдырының астарлы көрінісі ретінде қабылдағанын жазды.

«Жерге шашылған құртты солай қабылдадым. Қазақтың кең даласына қазақтың ӨЗІНЕ, қазақтың ҚОЛЫМЕН бесігін шашқызбағай...»

Белгілі журналист, ұлт руханиятының жанашыры Айгүл Болатханқызы да қойылымның атауына ерекше мән берген.

«„Шідер“ атқа, жылқышыға қатысты айтылатын сөз ғой. Шідерленген ат еркін жайылады. Бірақ иесі аман тұрғанда ешқашан құтылмайды. Адам да солай. Тірліктің қамытын арқалаған күйі өмірден өтеді...»

Ол режиссер Әлібек Өмірбекұлының көрермен санасын сілкінтетін режиссерлік табиғатын ерекше атап өтті.

«Әлібек дейтін мына жігіт — не өзін, не көрерменін, не актерді аяуды білмейтін өнерге байланған шідерлі жігіт. Санаға сілкініс жасап, басыңдағы миды шашып тастағаннан рақат алатын сияқты...»

Аудармашы Шынар Әбілда спектакльдің махаббат желісіне назар аударып, қойылымды «шідерленген жүректердің махаббаты» деп атады.

«Тыңшылардың махаббаты. Елес махаббат десек те болатын шығар. Олар бар, бірақ жоқ. Қоғам үшін жоқ, қызмет үшін бар...»

Оның пікірінше, қойылымдағы махаббат желісі көрерменді күлдіріп те, жылатып та үлгереді.

«Бір қарасаң, сүюге таласып жатқандай еді, ақырында өлуге таласып жатты. Әсерлі...»

Шынар Әбілда әсіресе қазақы таным мен ұлттық өкініштің сахналық берілуін жоғары бағалады.

«Әкесіне топырақ сала алмаған ұлдың өкініші. Шын қазақ қана түсінетін өкініш...»

Ал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жарас Сәрсек актерлік ансамбльге тоқталды.

«Рас! Қос актер алты образды алқынбай алып шықты. Айнұр мен Ержанда мін жоқ!»

Көрермен пікірлерінен аңғарылғандай, «Шідер» — жай ғана спектакль емес, махаббат, тарих, ұлт жадын тоғыстырған тағдырлы қойылым.

Көп оқылды: