Шын суреткер – «бүгін не бар, соны жасай салам» деп шектелмейді. Ол – сәттік сұраныстың құлы емес, уақыттың үнін еститін жан. Қандай тар уақыт, қандай шектеулі жағдай болса да, ол – болашақтың дәнін іздейді. Себебі нағыз өнер – уақытты ғана емес, болашақты да көру үшін керек.
Суреткер – халықтың жүрегін тыңдайтын құлақ, тілін сөйлететін көкірек. Оның қолында – халықтың болашағына жол ашатын шырақ болуы тиіс.
Шын суреткер – қазірдің көлеңкесінен болашақтың жарығын көре білетін адам. Ол үшін жан тазалығы, ой тереңдігі, жүрекке сенім керек. Ал ондай адам – ешқашан оңай жол іздемейді. Ол тығырықтан жол табады, үнсіздіктен сөз іздейді, қарапайым дүниеден тереңдік көреді.
Қазіргідей сөз бен ой ажырап кеткен кезде, ең үлкен жауапкершілік – өнер иесінің мойнында. Себебі ол – шындықты өнер тілімен сөйлететін адам. Оның көркем тілі – уақыттың тамырын ұстап, елдің жан жарасын айтып бере алса ғана өнер болмақ.
Сондықтан суреткер – болмыстың бетіне қарайтын ғана емес, тереңіне бойлайтын адам. Оның парызы – уақытқа қарап отыру емес, уақыттың алдына түсіп жүру. Бүгінгі бейқам тірліктің ішінде, үнсіз қаланың шетінде, ұйқыдағы қоғамның арасынан – болашақтың үнін еститін де, соны көркем тілмен жеткізетін де – сол.
Қазір бізде: «Қандай тақырып бар? Не өтеді? Нені рұқсат етеді?» – деген сұрақтармен ғана шектеліп қалу үйреншікті дағдыға айналды. Бірақ шын суреткер – «бүгін не бар, соны жасай салам» деп шектелмейді. Ол бүгінгі қиындықтардың, шектеулердің ішінен болашақтың дәнін іздейді. Өйткені суреткердің табиғаты – алда не боларын сезу, көре білу.Уақыт өтеді, билік ауысады, сұраныс өзгереді, бірақ суреткер айтқан шындық – тірі қалады.Қазір не көп – форма көп. Түр бар, бірақ мазмұн жоқ. Тіпті ішкі өміріміз де осылай өліара күйге түсіп барады. Бәрі бар – бірақ бәрі бос.Бұл – жай ғана сәтсіздіктің нәтижесі емес.Бізді мағынадан айырып, сыртқыны ғана көруге үйреткен.Бұл – мән мен мәнсіздіктің айырмасын сезбей қалған қоғамның дерті.Ал ондай қоғамда өнер де әлсірейді, сөз де әлсірейді, тіпті ой да әлсірейді.Өйткені мағынасыз өмірдің ішінде шындық тұншығады.Шын суреткер – осы тұншыққан шындықты көре білетін, соны жарып шығаратын адам.