Түсінбеген нәрсесін бірден терістеп, «көкейіме қонбады – демек, нашар» деп шешеді. Өз ойымен шеше алмаса, кінәні сахнадан іздейді. Мұндай көзқарас тек көрерменге емес, кейбір сыншыларға да тән.
Ал шын өнер – кейде күрделі келеді. Оның тереңіне жету үшін көкірек көзі ашық, ойы сергек, сезімі таза болуға тиіс. Бір көргеннен үкім шығару – өнерге жасалған қиянат. Осындайда сын да, пікір де шындыққа емес, түсінбеуге, ренішке, ішкі қарсылыққа сүйеніп кетеді.
Тағы бір байқалатын нәрсе – көргенін емес, күткенін ғана талқылау. Бұл – полемикалық сынның осалдығы. Яғни, сахнада не болғанын емес, болуға тиіс еді деп, өз ережесін тықпалап, сол арқылы шындықты емес, «өзінше дұрыстықты» дәлелдеуге тырысады. Бұл – өнердің емес, эгоның үні.
Сөйтіп, сахнада тірі жасалған дүние, тірі шындық – қағаз бетінде жоққа айналады. Ал сын – дау үшін емес, даму үшін болуы керек. Өнер – өсім болсын десек, сынды қару емес, айна деп түсінуіміз қажет. Айна барды көрсетеді, ойдан шығармайды.
Кейде сахнадағы дүниені бірден ұғына алмаймыз. Бірақ дәл сол сәтте тоқтап, іштей: «менің түсінбеуім – өзімнің кінәм ба, әлде сахнаның ба?» деп ойлансақ – міне, рухани өсу сонда басталады.
Сахнадағы дүние – ой талап етеді. Ал ойлануға дайын болмаған адамға терең спектакль – ауыр жүк. Ондай көрермен көңіл көтеруді күтеді, рухани сілкініс емес. Бірақ сахнадағы көркем шындық – елдің рухани ахуалының айнасы. Ал айнаға қарап өз бейнеңді көре алмасаң – мәселе айнада емес, көзде.
Сондықтан біз сахнаға емес, алдымен өзімізге сұрақ қоюымыз керек: мен неге қабылдай алмадым? Неге жатсындым? Себебі – кейде біз шындықты емес, өзіміздің шектеулі талғамымызды ғана қорғап қалғымыз келеді.
Ал талғам өспесе – өнер де өспейді.
Сын – жауап беру емес, ойлану тәсілі.
Сыншы – үкім айту үшін емес, сауал тудыру үшін жазады.
Ол «бұл неге әсер етті?», «неге әсер етпеді?», «неге бұл шешім дұрыс, неге бұрыс?» деген сауалдарды нақты мысалмен өрбітеді.
Айна – шын бейнені көрсетеді, ойдан шығармайды. Сын да сондай болуға тиіс. Себебі әр нәрсе – өз таразысымен өлшенеді. Ал көңіл таразысы бұзылса – алтынды мыс деп қалу оп-оңай.
Мирас Әбіл