АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау желісінің мәліметі бойынша, Ирандағы наразылықтар кезінде қаза тапқандар саны 538 адамға жеткен. Билік митингке шыққандарға қарсы операцияларда дрондарды қолданған. Бұл туралы DW журналисі хабарлайды.
Иранда жаппай үкіметке қарсы наразылықтар барысында қаза тапқандар саны қазіргі таңда 538 адамды құрап отыр. Мұндай деректерді АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау желісі жексенбі, 11 қаңтарда, өздерінің алдын ала мәліметтеріне сүйене отырып жариялады. Бұған дейін қаза тапқандар саны 203 адам деп көрсетілген еді.
8 қаңтардан бері Ислам Республикасынан келетін ақпарат ағыны қатты шектелген, себебі билік интернетті толықтай бұғаттаған. Қазіргі уақытта бұл шектеу 70 сағаттан астам уақытқа созылып отыр. Ел ішіндегі жағдайды бақылау тек Starlink спутниктік байланысы арқылы ғана мүмкін болып отыр, деп хабарлайды DW журналисі Нилуфар Голами.
Оның айтуынша, Иран билігі наразылық білдірушілерді бақылау үшін алғаш рет ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) пайдаланған. Әуеден бақылау арқылы митингке қатысушылардың жеке басын анықтауға мүмкіндік жасалған. Наразылықтар кезінде нақты қанша адамның қаза тапқаны мен қанша адамның қамауға алынғанын анықтау әзірге мүмкін емес.
Голамидің сөзінше, күштік құрылымдардың әрекеті барған сайын қатал бола түскен, себебі бұл наразылықтар Иранда бұрын болған митингілерден айтарлықтай ерекшеленеді:
«Репрессиялардың ауқымына, ресми тұлғалардың қоқан-лоқы сипатындағы мәлімдемелеріне және мемлекеттік БАҚ-тың үндеуіне қарағанда, жағдай мүлде басқа және ол билік үшін күтпеген жағдай болды».
DW журналисінің дерегіне сәйкес, тіпті ауруханалар да адамдар үшін қауіпті орынға айналған.
«Жараланған адамдарды күштік құрылым қызметкерлерінің ұрлап әкету қаупі жоғары. Көп жағдайда олар қаза тапқандардың мәйіттерін отбасыларына қайтарудан бас тартады», – дейді Голами.
Ирандағы жаппай наразылықтар 15-күнге жалғасты
Иран басшылығына қарсы күн сайынғы жаппай наразылық акциялары 2025 жылғы 28 желтоқсаннан бері тоқтаған жоқ. Иранның қауіпсіздік күштерінің демонстранттарға қарсы қатаң әрекеттеріне және интернеттің бұғатталуына қарамастан, Тегеран мен елдің басқа да ірі қалаларының көшелеріне мыңдаған наразылар шықты.
Наразылық білдірушілер кастрөлдерді ұрып, «Хаменейге өлім» деген ұрандар айтып, өз үндеулерін Иранның жоғарғы көшбасшысы, аятолла Әли Хаменейге бағыттауда. Ал автокөлік жүргізушілері қолдау белгісі ретінде дабыл қағуда.
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) 10 қаңтарда наразылықтарды басып-жаншумен қорқытты. Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ирандық әскери құрылымдар үшін «қызыл сызық» болып саналатынын мәлімдеді.
«Сондықтан армия ұлттық мүдделерді, елдің стратегиялық инфрақұрылымын және қоғамдық мүлікті қорғау үшін күш қолданады», – деп хабарлады КСИР мемлекеттік телеарна арқылы.