Иран әскери күштері Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекеттенген мұнай танкеріне оқ атты, деп хабарлайды Jarialike.kz халықаралық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Британдық теңіз қауіпсіздігі қызметінің мәліметінше, Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (IRGC) екі қарулы қайығы бұғазбен өтіп бара жатқан танкерге жақындап, ескертусіз оқ жаудырған. Бақытымызға орай, кеме мен экипаж мүшелері аман қалған.
Оқиға Ормуз бұғазының қайтадан қатаң бақылауға алынғаны туралы Иран мәлімдемесінен кейін орын алды. Ресми Тегеран бұл шешімді АҚШ-тың ирандық порттарға қойған блокадасымен байланыстырды.
Хабарларға қарағанда, бірнеше коммерциялық кеме бұғаз арқылы өтпек болған, алайда Иран әскери-теңіз күштері радиобайланыс арқылы жолдың жабылғанын ескерткен. Кейін кем дегенде екі кеме оқ астында қалып, бағытын өзгертуге мәжбүр болған.
Ормуз бұғазы — әлемдік мұнай мен сұйытылған газ тасымалының шамамен 20 пайызы өтетін аса маңызды стратегиялық су жолы. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген әскери шиеленіс жаһандық энергетикалық нарыққа тікелей әсер етеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұғаздағы жағдайдың қайта ушығуы мұнай бағасының күрт өсуіне және халықаралық тасымалдың баяулауына алып келуі мүмкін.