Аустралия Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Ресейден тікелей жанармай сатып алуды тоқтатқанымен, 2023 жылдан бері ресейлік мұнай өнімдерінің 3 миллион тоннадан астамын импорттаған. Бұл туралы 9 қараша, жексенбі күні The Guardian газеті Энергетика және таза ауа саласындағы зерттеулер орталығының (CREA) деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Ресейден жеткізілетін миллиондаған тонна мұнай Сингапурдың Джуронг порты арқылы өтеді. Бұл порттың бір бөлігі австралиялық Macquarie инвестициялық банкіне тиесілі және ол австралиялық компанияларға да жанармай жеткізуі мүмкін. Аталған порт Ресейден келетін отынды қайта өңдеу және қайта экспорттау жүзеге асырылатын негізгі тораптардың бірі болып отыр.
CREA сарапшысы Вайбхав Рагунанданның айтуынша, Австралия енгізген санкциялар жанармайды үшінші елдер арқылы сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл заң жүзінде тыйым салуды бұзбайды, бірақ іс жүзінде Ресейдің мұнай өнеркәсібі мен Кремльдің салық кірістерін қолдауға сеп болады.
Заң аясында, бірақ этикаға жатпайды
"Бұл — аустралиялық сатып алушылардың міні. Олар заң аясында әрекет еткенімен, сөзсіз этикалық шектен шығып отыр", — деді Рагунандан. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер Аустралияның Украинаға деген қолдауына кереғар. Бұл олқылық тек ресейлік мұнай өнімдерінің жеткізілімін жалғастыруға ғана емес, сонымен қатар аустралиялық компанияларға табыс табуға да мүмкіндік береді, деп атап өтті сарапшы.
Үкіметтің деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қаңтарынан бері Аустралия мұнай өнімдерінің шамамен төрттен бір бөлігін Сингапурдан сатып алған. Ал Сингапур, өз кезегінде, Ресейден 22 миллион тоннадан астам мұнай өнімдерін импорттаған, деп хабарлайды талдамалық агенттік Kpler. Сол жеткізілімдердің шамамен үштен бірі Джуронг портының терминалында өңделген.
Macquarie өкілі мәлімдегендей, бақылау пакеті Сингапур үкіметіне тиесілі бұл терминал сингапурлық және халықаралық ережелерге бағынады. Алайда, аустралиялық банк өз инвестицияларынан қаржылай пайда көрген-көрмегенін нақтыламады.