39 жастағы Сәрсенбек Басанов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол 20 млн теңге моральдық, 7,3 млн теңге материалдық шығынды өтейді.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот үкімі шықты.
— Сәрсенбек Басановқа Қылмыстық кодекстің 107 бабы 1 бөлігімен 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, 126 бабы 2 бөлігі 3,4 тармақтарымен 2 жыл 6 ай, 99 бабы 2 бөлігі 1, 3, 5 тармақтарымен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны — қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесі. Жәбірленуші Элеонора Әлидің азаматтық талап аразы ішінара қанағаттандырылып, С. Басановтан 7 353 500 теңге материалдық, 20 млн теңге моральдық шығын, 500 мың теңге заңды өкілге жұмсаған шығын өндірілсін, — деді судья Жәнібек Сейітжапаров.
Соттан соң жәбірленушілер үкіммен келісетінін айтты.
Біз 6 ай жүрдік осы іспен. Жынды болып кете жаздадық. Ату жазасы болса, ату жазасын сұрар едік. Әрине келісеміз, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Қолымен істегенін, мойнымен көтерсін, — деді жәбірленуші Э.Әли.
Еске салсақ, биыл 13 қаңтар күні Ақтөбеде ер адам әйелді кепілге алды. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі көз жұмды. Біреуі ауруханаға түсті. Бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді. Кепілде болған әйел бірнеше күн ауруханада ем қабылдады.
Екі апта бұрын сот алды тыңдауы өтіп, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» баптары бойынша айып тағылды. Сотта жәбірленуші, кепілде болған келіншек өз нұсқасын, сонымен бірге сотталушы өз нұсқасын айтты. Сотталушы С. Басанов тағылған айыпты ішінара мойындады.