Семейде жаңа шағын аудан бой көтереді. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы дамуына арналған жиында осындай жағымды жаңалықты жеткізді, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан жаңа ауданда 75 мың тұрғынға арналған тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысан, саябақтар бой көтереді.
Жоба аясында жастар сарайы, Жекпе жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендерін салу жоспарланған.
"Шаһардың солтүстік бөлігінде орналасқан жер көлемі мың гектардан асатын ықшам тиімді көліктік дәліздерімен, ыңғайлы географиялық орналасумен ерекшеленеді. Бұл ықшам ауданда Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай еліміздің өзге өңірлері сыйға тартатын маңызды әлеуметтік, мәдени нысандар бой көтереді", - деді аймақ басшысы.
Берік Уәли ұзақ мерзімге бағытталған жобаны жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін береді, жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді деп сендірді.
Облыс әкімі Семейдің басқа аудандары назардан тыс қалмайтынын айтты. Шаһардың бос аумақтарына облыстық көпсалалы аурухана, театр сынды маңызды әлеуметтік нысандар салынады.