Абай облысында білім беру саласындағы екі мәселе қатар көрініп отыр: мектептердегі орын тапшылығы және педагог кадрлардың жетіспеуі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Құрманованың мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 311 мектеп жұмыс істейді. Онда 99 657 оқушы білім алады. Алайда облыстың 32 мектебінде жалпы саны 6,3 мың оқушыға арналған орын жетіспейді. Мәселе әсіресе Семей қаласында өткір. Қаладағы 17 мектепке қосымша 4,3 мың орын қажет.
Кадр тапшылығы да аз емес. 2026–2027 оқу жылында облыс мектептеріне 154 мұғалім қажет. Әсіресе математика, физика, химия, информатика және ағылшын тілі пәндерінің мамандары жетіспейді. Бұл мәселе шағын жинақты ауыл мектептерінде айқын байқалады.
Кадр тапшылығын азайту үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 96 жас маман жұмысқа қабылданған. Олардың біреуі тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 65 педагогке көтерме жәрдемақы берілген. Сонымен қатар зейнет жасындағы 21 мұғалімді жұмысқа тарту арқылы бос орындардың бір бөлігі толтырылған.
Оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бес мектеп салынып, пайдалануға берілген. Олардың жалпы сыйымдылығы бір ауысымда 3 мың, екі ауысымда 6 мың оқушыны құрайды.
Семейде №30 және №4 орта мектептерге әрқайсысы 500 орындық қосымша ғимарат салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал 2026–2027 жылдары Қарағайлы шағынауданында 1400 орындық мектеп салу жоспарланған. Бұдан бөлек, Ақсуат және Екпін ауылдарында әрқайсысы 300 орындық мектеп құрылысы көзделген.
Білім сапасына қатысты көрсеткіштер де жарияланды. Биылғы оқу жылында облыс мектептеріндегі білім сапасы 66,4 пайызды құраса, 2026–2027 оқу жылының бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 64 пайыз болған.
PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша Абай облысы жаратылыстану сауаттылығынан 425, математикалық сауаттылықтан 409, оқу сауаттылығынан 384 балл жинаған.
Тағы бір назар аударарлық дерек: облыстағы барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 116 ауыл мектебіне байланысты жақсарту үшін Starlink жабдығы орнатылған.
Жаңа мектептер салу оқушы орындарының тапшылығын азайтуға көмектескенімен, педагог мамандарды даярлау және ауыл мектептеріне тұрақты кадр тарту мәселесі әлі де шешімін күтеді.