Черногорияда «НеМолчи.kz» қорының басшысы Дина Таңсәрінің ұсталуына байланысты бас прокуратура ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, Дина Таңсәріге (Динара Смаилова) қатысты алты қылмыстық іс қозғалған. Оған алаяқтық, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және жалған ақпарат тарату күдігі тағылуда.
Полицияның мәліметінше, 2023 жылдың сәуірінде ол әлеуметтік желілерде Өскемен қаласында қыз баланың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жалған ақпарат жариялаған.
Ол марқұмның отбасына көңіл айтып жазбалар жариялады. Алайда бұл мәліметтердің жалған екені анықталды. Шын мәнінде суицид болмаған, кәмелетке толмағанға қатысты бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданған, – деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Сот процесі кезінде ол 20 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Алайда сотта жәбірленуші тарап адвокатты өздері жалдағаны белгілі болды, ал жиналған қаржының іс бойынша пайдаланылмағаны анықталған.
Тағы бір жағдайда Таңсәрі кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбанына көмектесу үшін бірнеше миллион теңге жинаған. Алайда тергеу бұл оқиғаның ойдан шығарылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар қаржы қордың емес, оның күйеуінің жеке карточкасына аударылған.
Прокуратура мәліметінше, «НеМолчи.kz» қорының негізін қалаушы ретінде Дина Таңсәрі шетелде жүріп, жеке қажетіне деп қайырымдылық қаржы жинаған. Полицияға жеті адам шағым түсіріп, алаяқтықтың құрбаны болғандарын айтқан.
Сот Таңсәріні сырттай аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен айыпты деп таныды және оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Ішкі істер министрлігі Интерпол желісі арқылы Смаилованың Черногорияда жүргенін анықтап, экстрадиция туралы сол елдің құзырлы органдарына сұрау жолдаған.
Алайда Қазақстан мен Черногория арасында қылмыскерлерді беру жөнінде халықаралық келісім болмағандықтан, Черногория тарапы Смаилованы қайтарудан бас тартты. Сот шешімі қабылданғанына қарамастан, Қазақстан құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмыстарын жалғастырады, – делінген ресми хабарламада.