Мәзір
26 ақпан, 2025 / JariaLike / Денсаулық

Риддерде бұрын-соңды болмаған гемодиализ орталығы ашылды

Науқастар ем алу үшін аптасына үш рет Өскеменге сабылатын.

Риддерде бұрын-соңды болмаған гемодиализ орталығы ашылды Риддерде бұрын-соңды болмаған гемодиализ орталығы ашылды
Фотосурет ашық дереккөзден

Алдымен науқастар ойын білдік. Себебі, әкімдік өкілдері бүйрек жұмысында ақауы бар тұрғындардың бұған дейін облыс орталығына барып, көп уақытын сарқып алатындарын айтқан еді.
 – Бақыттымыз десек артық айтпағаным. Арманымыз орындалды. Мұның алдында аптасына үш мәрте Өскеменге барып тұратынбыз. Сөйтіп төрт жыл жүрдік. Өзіме Риддердегі орталықтың жабдықталуы жақсырақ сияқты. Биыл мамыр айында диализбен ауырғаныма төрт жыл болады. Диагнозым: екінші топтағы қант диабеті мен диализ. Жолға да біраз шығындалатынбыз, әрі уақыттан ұтылып жүрдік, – деді Александр Лукьянов.
Тағы бір науқас Елена Бабушкинаның айтуынша, диализбен екі жылдан бері ауырады. Басында Өскеменге аптасына екі рет, сосын жағдайы нашарлап, үш рет баруға мәжбүр болды.
 – Өз қалтамыздан төлеп те жүрдік. Сосын төрт ай көлемінде жол шығыны мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Сондай орталықтың қаламызда ашылғанына өте қуаныштымыз. Себебі, кей науқасқа жол көтеру қиын. Ем-дом да күрделі өтетіндіктен қалжырап қалатын кездер болды. Таңертең сағат 7:00-де жету үшін 5:30-да жолға шығатынбыз. Бәрі біткен соң түс ауа сағат 15:00 кезінде Риддерге жететін едік. Қыста кейде жолды боран алып қалады. Ол кезде ем алатын уақытты өзгертуге тура келді. Түрлі жағдай болушы еді. Ал мұнда бәрі көңілден шығады, дәрігерлер сыпайы, қабақ шытпайды, – деді ол.
Ем алуға төрт сағат уақыт кетеді. Яғни, ағзадағы қанды тазартып отырады. Түрлі лас сұйықтықтар толып қалса, бүйрек жұмыс істемей қалады. Сол үшін аптасына үш рет ем алуды үзбеулері тиіс. Өскеменді айтамыз, Риддердің өзінде диализге шалдыққан тоғыз науқастың әрбірін инватакси апарып, әкеліп отырады. Бұл да біршама қолайлы дейді науқастар.
Қаладағы инфекциялық бөлім ғимаратындағы орталық алты күн бойы жұмыс істейді. Заманауи жабдықтар емнің сапалы жүргізілуіне мүмкіндік береді. Қала әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеуханның айтуынша, Риддерде гемодиализ орталығын ашу бойынша облыс басшысы тапсырма берген. Соған сәйкес «BB Nura» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе, жуықта мәселе оң шешімін тапты. Енді тіркеуде тұрған барлық тұрғын ақ халаттыларға алаңсыз қарала алады.
 – Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Сырқат тұрғындар қысы-жазы жол азабын тартатын. Құрылғылар жеткілікті, медициналық мамандар да өз міндетіне тиянақты. Олар басқа қалалардағы орталықтар жұмысымен танысып, соны тәжірибелеріне енгізе білді. Орталық «BB Nura» мекемесінің қаражатына ашылды. Әкімдік тарапынан талапқа сай орталық тауып бердік. Жалпы, орталық керек деп өтініш білдірген тұрғындар көп болды, – деді жауапты тұлға.
«BB Nura» ЖШС Шығыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік директоры Айдын Нұрбековтің сөзінше, жұмыс былтыр күзде басталды. Содан бастап орталық пен оған қажет аппараттар дайындауға кіріскен. Мамандар іздеуге көшіп, оларды оқытты.
 – Қазір бізде дәрігер, медбике, мейіргер, санитар бар. Орталық ашу тапсырмасы берілген бойда алдын ала үш аппарат алдық. Жаңа аппараттарды Германиядан алдырдық. Себебі, шалғай аудандарда барлығы заманауи болуы керек. Енді тағы бір дәрігер дайындаймыз. Ақпан айының 24-інде ем-дом көрсету басталып кетті. Науқастар үш мәрте келетіндіктен, орталық аптасына алты күн жұмыс істейді. Барлығы тегін, – деді директор.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, Риддер облыс көлемінде инватакси мәселесі шешілген жалғыз қала. I, II топ мүгедектері қосымша қызмет аламын десе, ол жағы толық қарастырылған. 
 – Былтыр мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету үшін қалалық бюджеттен 35 млн теңгедей бөлінген болатын. Ол сома биыл да бөлінеді, азаймайды. Диализге шалдыққан тоғыз науқасты жаз басталып қыс түскенше келісімшартқа отырған мекеме Өскеменге апарып, әкеліп жүрді. Биыл басқа қызмет алушылар үшін сол сома өзгеріссіз қалмақ. Бұл жерде тек тоғыз науқас емес, сырқаты бар басқа да адамдар қамтылады, – деді олар.
Әділхан Есімханов (Фотосуреттер автордікі)

Көп оқылды: