Шығыс Қазақстандағы өндіріс пен табиғат үндескен көркем шаһарлардың бірі — Риддер биыл өзінің 240 жылдық мерейтойын атап өтпек. Қала күніне орай 5-6 маусым аралығында ғылыми конференциялар, ақындар айтысы, ұлттық спорт жарыстары және мерекелік концерттер ұйымдастырылады.
Риддердің тарихы XVIII ғасырдың соңынан бастау алады. 1786 жылы тау-кен инженері Филипп Риддер бұл өңірден полиметалл кен орындарын анықтап, кейін қала іргесінің қалануына негіз болды. Уақыт өте келе Риддер Қазақстанның түсті металлургия орталықтарының біріне айналды.
Мерейтойлық бағдарламаның аясында «Риддер тарихи аспектілер тұрғысынан» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Сонымен қатар облыстық ақындар айтысы, спорттық жарыстар, мәдени шаралар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен гала-концерт жоспарланған. Мерекелік кеш отшашумен қорытындыланады.
Бүгінде Риддер — кен өндіру, металлургия және туризм салалары дамыған, Алтайдың баурайындағы ерекше табиғатымен танылған қала. Қаланың 240 жылдық мерейтойы оның бай тарихы мен еңбек дәстүріне көрсетілген құрмет ретінде аталып өтпек.