Жиналған қалдықтар қоқыс тасымалдайтын көліктермен осында жеткізіліп, қабылдау бункеріне төгіледі, одан әрі таспалы конвейер арқылы сұрыптау желісіне жіберіледі. Сұрыптау желісінің өндірістік қуаты санитарлық-қорғау аймағының нормативтеріне сәйкес қабылданған. Сұрыптау желісінің әлеуетті қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін жетеді. Зауытта барлығы 40-тан астам адам жұмыс істейді. Штаттық кестеге сәйкес, еңбек процесі тәулігіне 12 сағаттан екі ауысым бойынша ұйымдастырылған.
Облыс әкімі Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты салынатын жерді қысқа уақыт ішінде бекіту керегін айтты.
«Бізге зауыт салу үшін 6 гектар жер керек. Қоқыс сұрыптайтын зауыт аумағындағы жерді қарастырыңыздар. Сонда бізде қоқысты сұрыптайтын әрі өңдейтін бір зауыт болады», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы жауапты басқарма басшылары мен Өскемен қаласы әкімдігіне 3 ақпанға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауытын салу үшін жер учаскесін таңдау бойынша нақты ұсыныс енгізу міндетін қойды. Сондай-ақ зауыт құрылысын инвестициялық жобалар тізіміне енгізу қажеттігін айтты.