Мәзір
12 ақпан, 2025 / JariaLike / Аймақ

70 жыл бұрын Байқоңырдың орнында не болып еді?

Алғашқыда қазіргі Байқоңырдың орнында орналасқан полигон № 5 НИИП деп аталды.

70 жыл бұрын Байқоңырдың орнында не болып еді? 70 жыл бұрын Байқоңырдың орнында не болып еді?
Фотосурет kaz.inform.kz сайтынан

Kazinform ақпаратынша, 2025 жылдың 2 маусымында «Байқоңыр» ғарыш кешені өзімен аттас қала және ғарыш айлағымен бірге құрылғанына 70 жыл мерейтойын атап өтеді. Негізінде ғарыш айлағы Қазақстанда орналасатыны жөніндегі шешім одан ертерек шыққан еді.
КСРО-ның ядролық қалқаны

Тура 70 жыл бұрын, 1955 жылдың 12 ақпанында КСРО-ның КОКП Орталық Комитеті мен Министрлер кеңесінің алғашқы отандық құрлықаралық баллистикалық зымыран (МБР) Р-7 ұшуын пысықтау үшін жаңа әскери полигон құру туралы бірлескен қаулысы шықты.
Бұл мақсатта арнайы комиссия Мари АССР, Дағыстан, Астарахань және Қазақ ССР-нің Қызылорда облысының аумағын таразылап көрді. Қазақстанның шөлді даласы оған қолайлы орын ретінде таңдалды. Біріншіден, бұл аумақта халық жиі қоныстана қоймаған еді, екіншіден, теміржол желісі мен Сырдарияның ағынды суы қасынан өтіп жатыр. Үшіншіден, ұшыру алаңынан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан радио басқару жүйесі қолайлы нүктеге түсті. Қызылқұм шөліндегі полигон құрылысында ғарыштық зымырандардың бас дизайнері Сергей Королев оған қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол ұшыру алаңы экваторға неғұрлым жақын орналасса, зымыранның қозғалыс жылдамдығын пайдалану соғұрлым ыңғайлы болатынын атап өтті.
1955 жылдың ақпан айында № 5 ғылыми-зерттеу полигоны (№ 5 НИИП) Қазалы қаласы мен Жосалы поселкесі арасындағы Төретам станциясына жақын жерде орналасты. Әскери құрылысшылардың алғашқы тобы Төретам станциясына 1955 жылдың 12 қаңтарында келді. Полигондағы құрылыс жұмыстары 1955 жылғы қыстың екінші жартысында басталды. Оған жетекші ретінде генерал-майор Г. М. Шубников бекітілді.
Полигонды қалыптастыру ауданында «Тайга» шартты атауы қойылды. Оған дейін орыс тілінде «ғарыш айлағы» деген сөз болған жоқ.
Алғашқыда қазіргі Байқоңырдың орнында орналасқан полигон № 5 НИИП деп аталса, посёлокке «№ 10 алаң» деген атау берілді. 
Байқоңырдың алғашқы құрылысшылары сол уақыттағы көріністі былайша еске алады. Құм бір жарым метрге дейін қатып қалған. Сондықтан оны жаруға тура келген. Алғашқы орындар көктемде ғана пайда болды. Ал мамырдың басында тұрғын үй қалашығы бойынша алғашқы ағаш ғимараты салынды.
Құрылыс ашық даладағы тақыр жерден басталды. Сол кездегі инфрақұрылымның негізгі тетігі — теміржол болатын. Теміржол бойындағы Төретам қонысының тұрғындары әскери құрылысшылардың алғашқы легіне қонақжайлық көрсетті. Ол кезеңде жергілікті тұрғындар қазақы киіз үйлер тұратын еді.
Төретам — боранды шағын бекет
Төретам теміржол станциясын ғарыш қақпасы деп тектен-текке айтпайды. Ол ғарыш айлағының құрылысы басталған негізгі көлік торабына айналды.
Көпшілік Төретам станциясының атауына қызығушылық білдіреді. Аңыз бойынша Сырдария өзеніне батып, көз жұмған төре тұқымының белгілі өкілін дария бойындағы ашық далаға жерлейді. Жол бойындағы керуендер, пойыздар арқылы өткен жолаушылар, келушілер, ғарыш айлағының алғашқы десанттары жергілікті халықтан далада жалғыз тұрған мазар жайлы «бұл не?» сұрайды. Сонда олар «Төренің тамы» деген жауап алады. Бұл «төреге арналған там» дегенді білдіреді. Аталған атау қазіргі күнге дейін сақталып қалған.
1957 жылы мамырда Р-7 ұшу сынағының басталуына қарай ұшыру кешені, монтаждау-сынау және монтаждау-құрастыру корпусы бой көтерді. Сондай-ақ ұшыру алаңына бетон және теміржол кірме жолдары салынды. Оған қоса Төретам теміржол станциясының жанында полигон салумен қатар сынаушыларға арналған тұрғын үй кентінің құрылысы жүргізілді. Полигон мен елді мекен бейресми «Заря» атауға ие болды. Кейіннен қала Ленинск болып өзгертілді. Тек 1995 жылы ғана қала Байқоңыр (Байқоңыр) атауы берілді.

Көп оқылды: